Елімізде педагогтердің құқықтарын бұзу фактілері үш есе азайды
Қазақстанда «Педагог мәртебесі туралы» заң қабылданғаннан бері білім беру саласы қызметкерлерінің құқықтарын қорғау бағытында айтарлықтай оң өзгерістер байқалуда. Атап айтқанда, педагогтердің құқықтарын бұзу фактілері соңғы жылдары үш есеге дейін азайған, деп хабарлайды Altainews.kz тілшісі ҚР Оқу-ағарту министрлігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифинг барысында ҚР Оқу-ағарту министрлігі Білім саласында сапаны қамтамасыз ету комитетінің төрағасы Серік Әшіров 2020-2025 жылдар аралығында педагогтердің құқықтарын бұзуға қатысты тіркелген деректер саны едәуір қысқарғанын мәлімдеді. Заң қабылданғаннан кейінгі алғашқы жылдары мұндай жағдайлар жиі кездескенімен, кейінгі кезеңде жүйелі бақылау мен жауапкершіліктің күшеюі нақты нәтиже берген. Мәселен, 2020-2022 жылдары педагогтердің құқықтарын бұзуға байланысты 111 факт тіркелсе, соңғы үш жылда бұл көрсеткіш 38-ге дейін төмендеген.
Серік Әшіров бұл деректер «Педагог мәртебесі туралы» заң нормаларының іс жүзінде тиімді іске асып жатқанын айқын көрсететінін атап өтті. Оның айтуынша, педагогтердің кәсіби қызметін қорғау және олардың мәртебесін арттыру – білім беру жүйесіндегі маңызды басымдықтардың бірі болып қала береді.
Брифинг барысында педагогтердің құқықтарын бұзу саласында жиі кездесетін заңсыз әрекеттер де аталды. Олардың қатарында мұғалімдерді кәсіби міндетіне жатпайтын жұмыстарға тарту, ар-намысы мен қадір-қасиетіне нұқсан келтіру, концерт билеттерін сатып алуға немесе әртүрлі іс-шараларға күштеп қатыстыру жағдайлары бар. Мұндай әрекеттер заңмен тыйым салынғанына қарамастан, бұрын жиі тіркеліп келген.
Сонымен қатар педагогтерге құрметсіздік таныту, оның ішінде әлеуметтік желілер мен бұқаралық ақпарат құралдары арқылы ар-намысына нұқсан келтіру деректері де назардан тыс қалмаған. Осы санат бойынша оқушылардың ата-аналарына қатысты 12 әкімшілік іс қозғалған. Бұл да педагог мәртебесін қорғау тетіктерінің нақты жұмыс істей бастағанын көрсетеді.
Мамандардың пікірінше, заңның қабылдануы мұғалімдердің құқықтық қорғалуын күшейтіп қана қоймай, қоғамдағы педагог мамандығына деген көзқарастың өзгеруіне де ықпал етті. Педагогтердің қызметіне заңсыз араласу, оларды түрлі міндеттерге мәжбүрлеу фактілеріне қатаң шара қолдану тәжірибесі қалыптасып келеді.
Алдағы уақытта да Оқу-ағарту министрлігі педагогтердің құқықтарын қорғау бағытындағы бақылау мен түсіндіру жұмыстарын жалғастырып, білім беру саласындағы заңдылық пен әділдікті қамтамасыз етуге басымдық беретінін жеткізді.