KZ
Өскемен
-6°
облачно с прояснениями жел 2 м/с, ОШ
517.66 606.49 6.44

Елімізде нәресте өлімі 8,3%-ға төмендеді

Фото: istockphoto.com

28.02.2025, 13:00 526 Гульжан Мусина

2024 жылы Қазақстанда балаларға медициналық көмектің сапасын жақсарту бойынша кешенді шаралар қабылданып, нәтижесінде нәресте өлімінің көрсеткіші 8,3%-ға төмендеді, ал неонаталдық өлім деңгейі 19%-ға азайды. Бұл туралы Денсаулық сақтау министрі Ақмарал Әлназарова ведомство алқасының кеңейтілген отырысында мәлімдеді, деп хабарлайды Altainews.kz тілшісі.

Министрдің айтуынша, Қазақстан – Орталық Азияда алғаш болып неонаталдық көмек стандарттарына «реанимация бөлімшесіндегі бір нәрестеге бір мейіргер күтім көрсетуі керек» деген маңызды қағиданы енгізген ел. Бұл шара нәрестелерге медициналық көмектің сапасын арттыруға және күтім сапасын жақсартуға бағытталған.

Бала өлімі құрылымында басты орын алатын туа біткен даму кемістіктерін азайту үшін еліміздің 13 өңірінде 15 «Бір күндік клиника» құрылды. Бұл клиникаларда 50 мың жүкті әйел зерттеуден өтті, нәтижесінде туа біткен ақаулардың ерте анықталуы 10%-ға өсті. Сонымен қатар, алғаш рет ұрықтың патологиясын аз инвазивті әдістермен емдеуге мүмкіндік беретін «Феталдық медицина» енгізілді.

Атқарылған шаралардың нәтижесінде 2024 жылдың қорытындысы бойынша сәбилердің өмір сүру деңгейі 88%-дан 93%-ға дейін артты. Сондай-ақ, Туа біткен даму кемістіктерінен (ТДК) болатын сәбилер өлімі 15%-ға төмендеді. Министрлік жыл соңына дейін барлық өңірлерде бір күндік емханалар құруды толық аяқтауды жоспарлап отыр.

Қазақстанда балаларға медициналық көмек көрсетудің жаңа стандарттары мен кешенді шаралары нәрестелердің денсаулығын жақсартуға және өлім-жітім көрсеткіштерін азайтуға бағытталған. Алдағы уақытта да бұл бағыттағы жұмыстар жалғасын табатын болады.

Біздің Instagram парақшамызға жазылыңыз

Жаңалықтарды ең бірінші болып оқыңыз

жазылу