Елімізде нәресте мен ана өлімі азайды

istockphoto.com
Қазақстанда аналар мен жаңа туған нәрестелерге медициналық көмек көрсету сапасын арттыру бағытындағы кешенді шаралар өз нәтижесін беруде. Үкімет пен Денсаулық сақтау министрлігі бірлесе жүзеге асырып отырған жұмыстар ана мен бала денсаулығын жақсартуға айтарлықтай үлес қосып отыр, деп хабарлайды Altainews.kz тілшісі Үкіметке сілтеме жасап.
2024 жылы босандыру қызметі мамандарының үйлесімді жұмысының арқасында 367 мың әйел аман-есен босанды. Пренаталды скринингпен қамтылған әйелдердің үлесі 90%-ды құрап, қауіптің алдын алу мүмкіндігі артты.
Жаңа медициналық технологияларды енгізу мен клиникалық хаттамаларды жаңарту нәтижесінде неонаталды өлім-жітім 19%-ға азайды. Соңғы 10 жылда нәрестелердің шетінеуі 6,7%-ға, ал ана өлімі 11,4%-ға төмендеді. Сонымен қатар, туа біткен ақауларды ерте анықтау көрсеткіші 10%-ға өсті.
Осы мақсатта еліміздегі 15 перинаталды орталықта «Бір күндік клиникалар» ашылды. Қазіргі таңда 50 мыңнан астам жүкті әйел тексеруден өтті. Оның ішінде 7 мыңнан астам жағдайда ұрықтың дамуындағы түрлі ақаулар анықталып, тиісті шаралар қабылданды. Сонымен қатар, «Ұрық медицинасы» жобасы аясында 37 жатырішілік ота сәтті жасалды.
Репродуктивті жастағы әйелдер мен жастардың денсаулығын сақтау бағытында «Аналар саулығы» бағдарламасы іске қосылып, жүктілікті жоспарлаған әйелдердің алдын ала медициналық тексеруден өтуіне жағдай жасалды. Акушерлік-гинекологиялық көмектің 25 клиникалық хаттамасы жаңартылды.
Салада инновациялық технологиялар да белсенді енгізілуде. Соңғы уақытта акушерлік қызметте үш жаңа технология қолданыла бастады. Сонымен қатар, 2 мыңнан астам акушер-гинеколог, 400 реаниматолог пен 100 үйлестіруші маман кәсіби даярлықтан өтті.
Медициналық қызметтің тағы бір маңызды бағыты – амбулаториялық деңгейде дәрі-дәрмекпен қамтуды жетілдіру. Денсаулық сақтау министрлігі халықты сапалы әрі қауіпсіз дәрілік заттармен қамтамасыз ету үшін бірқатар маңызды қадамдар жасады. 2024 жылдың қорытындысы бойынша 2,9 миллионнан астам науқас тегін дәрі-дәрмекпен қамтамасыз етілді.
Стационарлық көмек көрсету ұйымдарында дәрі-дәрмекпен қамтамасыз ету жүйесін оңтайландыру үшін 78 госпитальдық фармация бөлімшесі ашылып, препараттарды қабылдауды жекелеген есепке алу әдісі енгізілді.
Сонымен қатар, дәрі-дәрмектердің шекті бағалары мен үстемелерін реттеу ережелеріне енгізілген өзгерістер олардың құнын төмендетуге мүмкіндік берді. Бұл амбулаториялық қамтамасыз ету шеңберінде ғана емес, бөлшек дәріханаларда да халыққа тиімді жағдай жасауға жол ашты.