KZ
Өскемен
-7°
пасмурно жел 5 м/с, ОШ
513.55 602.09 6.42

Елімізде балалардың дамуын ерте бақылау жүйесі нығайтылды

17.12.2025, 12:30 94 Ержан Әбіш

2025 жылы елімізде дамуында кемістігі бар немесе даму бұзылысының қаупі жоғары балаларды ерте анықтау және кешенді сүйемелдеу жүйесі едәуір күшейтілді. Бұл бағытта атқарылған жұмыстар балалардың өмір сапасын арттыруға, олардың денсаулығын сақтауға және болашақтағы әлеуметтік бейімделуіне жол ашуға бағытталған, деп хабарлайды Altainews.kz тілшісі ҚР Денсаулық сақтау министрлігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Өмірдің алғашқы айларынан бастап балалардың даму ерекшеліктерін дер кезінде анықтауға, ерте араласуға және жан-жақты қолдауға мүмкіндік беретін педиатриялық көмек көрсету стандарты жаңартылды. Жаңартылған стандарт ерте диагностиканы, ата-аналармен жүйелі жұмысты және медициналық көмектің қолжетімділігін қамтамасыз етуге негізделген.

Алғашқы медициналық-санитариялық көмек ұйымдарының базасында 290 ерте даму және араласу орталығы ашылып, сонымен қатар 139 педиатриялық бөлімше құрылды. Бұл орталықтарда балалардың физикалық, психоэмоционалдық және когнитивті дамуын бақылау, сондай-ақ ата-аналарға кеңес беру қызметтері көрсетіледі.

ЮНИСЕФ қолдауымен жас балалардың дамуын бақылауға арналған GMCD (Global Milestones for Child Development) нұсқаулығы кезең-кезеңімен енгізілуде. Осы бағытта 18 мастер-жаттықтырушы арнайы дайындықтан өтіп, өңірлердегі медициналық қызметкерлерге әдістемелік көмек көрсетуде.
Барлық өңірлерде көрсетілетін көмектің сапасын арттыру мақсатында патронаждық бақылаудың әмбебап прогрессивті моделі енгізіліп, балалар жасындағы ауруларды интеграцияланған басқару бойынша оқу-әдістемелік орталықтар құрылды. Бұл жүйе бала денсаулығын кешенді бақылауға және алдын алу шараларын күшейтуге мүмкіндік береді.

Сонымен қатар, медицина мамандарын кәсіби қолдаудың бірыңғай жүйесі қалыптастырылды. Ол тұрақты оқыту бағдарламаларын, журнал клубтарын, сондай-ақ шала туған балаларды күту бойынша неонаталдық мейіргерлерді апта сайын оқытуды қамтиды. Мұндай тәсіл кадрлардың біліктілігін арттырып, көрсетілетін медициналық қызметтің сапасын жақсартуға ықпал етеді.

Мамандардың айтуынша, ерте күтім мен ерте араласудың кешенді дамуы нәресте өлімінің төмендеуіне және еліміздегі балалардың өмір сүру ұзақтығының артуына тікелей әсер етіп отыр. Бұл бастамалар болашақ ұрпақтың дені сау болып өсуіне берік негіз қалайды.

Біздің Instagram парақшамызға жазылыңыз

Жаңалықтарды ең бірінші болып оқыңыз

жазылу