KZ
Өскемен
-22°
плотный туман жел 1 м/с, В
505.71 591.43 6.65

Мектептен әскерге бір саппен: 12 сыныптас Отан алдындағы борышын бірге өтеуде

14.01.2026, 15:00 143 Төлеуғазы Жансая

Шымкент қаласында ҚР ІІМ Ұлттық ұланының 6506 әскери бөлімінде бұрын бір сыныпта оқыған 12 жас сарбаз мерзімді әскери қызметін қатар атқарып жүр. Бұл – әскер қатарында өте сирек кездесетін жағдай, деп хабарлайды Altainews.kz тілшісі.

Ұлттық ұланның баспасөз қызметінің мәліметінше, сарбаздардың барлығы Алматы облысы Жамбыл ауданына қарасты Үмбетәлі Кәрібаев атындағы орта мектептің түлектері. Бір мектептен, бір сыныптан шыққан жігіттердің бір әскери бөлімге түсуі – үлкен кездейсоқтық.

Бөлім басшылығының айтуынша, әдетте әскерге шақырылған азаматтар әртүрлі өңірлерге бөлінеді. Ал бұл жағдайда сыныптастардың бір бөлімге түсуі олардың әскери қызметке бейімделуіне оң әсерін тигізіп отыр.

«Біз бала кезден бірге өстік, бір партада отырып оқыдық. Әскерге баруды саналы түрде шештік. Ешкім қашқан жоқ, керісінше баруға дайын болдық. Бір әскери бөлімге түскенімізге өзіміз де таң қалдық. Қазір бір команда сияқты жұмыс істеп жүрміз», – дейді қатардағы жауынгер Расул Саутов.

Қазіргі уақытта жас сарбаздар оқу пунктінде бастапқы әскери дайындықтан өтіп, әскери қызметтің негізгі талаптарын меңгеруде. Командирлер олардың ұйымшылдығын, тәртібін және бір-біріне қолдау көрсетудегі белсенділігін жоғары бағалап отыр.

«Отан алдындағы борышымызды бірге өтеп жатқанымызды мақтан тұтамыз. Мұнда да мектептегідей бір-бірімізге демеу көрсетеміз. Осындай бірлік әскери өмірге тез бейімделуге көмектеседі», – дейді қатардағы жауынгер Марат Бейбарыс.




Фото: ҚР ҰҰ

Біздің Instagram парақшамызға жазылыңыз

Жаңалықтарды ең бірінші болып оқыңыз

жазылу