Азаматтық борышын Шығыста өтеп жүрген сарбаз білім грантына ие болды

Фото: "Шығыс" өңірлік қолбасшылығының баспасөз қызметі
Отан алдындағы борышын ШҚО-да өтеп жүрген сарбаз білім грантына ие болды. Ол — Ұлттық Ұланның «Шығыс» өңірлік қолбасшылығына қарасты 5518 әскери бөлімінің сарбазы. Сарбаз «Срочники 2.0» сандық платформасында мамандық таңдап, оқуға түсті.
Мерзімді әскери қызметшіге білім сертификатын табыстау рәсімі сарбаздар үшін арнайы ұйымдастырылған кеш аясында өтті, деп хабарлайды Altaynews тілшісі.
Салтанатты шараға бөлім ардагерлері, сарбаздардың ата-анасы және әскери қызметшілер қатысқан. Бір жыл ішінде Отан алдындағы борышын абыроймен өтегендер әскери бөліммен қимай қоштасты. Әскери бөлімнің командирі Медет Ертайлақов осы шақырылымның сарбаздарына ақжол тілей отыра үздік қызметімен көзге түскендерге мақтау қағаздарын табыстады.
Білім грантына ие болған сарбаз енді Павлодар облысындағы жоғары оқу орнында білім алмақ. Әскерге дейін музыкалық колледжді тәмамдаған ол алдағы уақытта ұлттық өнерді дамытуға үлес қоспақ.
Шара әскери бөлім өнерпаздарының концертіне ұласты. Еске салайық, осы жылы әскерге шақырылған әскери қызметшілерге арналған білім жобасына «Ұлттық ұланның» 6402 сарбазы қатысты.