Елімізде гранит бордюрлер мен төсеме плиталар өндірісі 30 пайызға өсті
Қазақстанда табиғи тастан жасалған бұйымдар өндірісі айтарлықтай артты. 2025 жылдың қорытындысы бойынша гранит бордюр мен төсеме плиталарының өндірісі 30 пайызға өскен. Бұған ішкі нарықты қорғау, сертификаттауды күшейту және мемлекеттік бақылауды арттыруға бағытталған кешенді шаралар себеп болды, деп хабарлайды Altainews.kz тілшісі ҚР Сауда және интеграция министрлігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Өсімнің негізгі факторы – отандық өндірушілерді қолдау және талапқа сай келмейтін өнімдердің айналымын шектеу. 2025 жылы үшінші елдерден тас өнімдерінің кейбір түрлерін әкелуге уақытша тыйым салу енгізіліп, ішкі сұраныс қазақстандық кәсіпорындар пайдасына қайта бөлінді.
Сала дамуына 2020 жылы қабылданған табиғи тастан жасалған бұйымдарға арналған ұлттық стандарт та серпін берді. Ал 2023 жылдан бастап міндетті сертификаттау мен сынақ талаптары күшейтілді.
Сонымен қатар «бақылау сатып алуы» рәсімі енгізіліп, сәйкестікті бағалау жүйесі жетілдірілді. Қазіргі таңда отандық өндіріс ішкі нарықтағы қажеттіліктің 91 пайызын қамтамасыз етіп отыр.
Мамандардың айтуынша, тас өңдеу өнеркәсібін одан әрі дамыту Қазақстанның экспорттық әлеуетін арттырып, салаға жаңа инвестициялар тартуға мүмкіндік береді.