Қазақстан жұмыртқа импортына уақытша шектеу енгізеді

istockphoto.com
Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы министрлігі 2025 жылғы сәуір айынан бастап тауық жұмыртқасын ел аумағына әкелуге алты айға уақытша тыйым салуды жоспарлап отыр. Бұл туралы тиісті бұйрық жобасы Ашық НҚА порталында жарияланды, деп хабарлайды Altainews.kz тілшісі.
ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігінің мәліметінше, шектеу Еуразиялық экономикалық одақ елдері мен басқа да үшінші елдерден импортталатын жұмыртқаларға қатысты болады. Бұл шара ішкі нарықты қолдау және отандық өндірушілердің дамуына мүмкіндік беру мақсатында енгізілмек.
Ресми деректерге сүйенсек, 2024 жылы Қазақстан 43,2 миллион дана жұмыртқа экспорттап, 87,4 миллион дананы импорттаған. Дегенмен ішкі өндірістің нарықты қамту деңгейі 99%-ды құрайды. Бүгінгі таңда ел аумағында 70 құс фабрикасы жұмыс істейді. Оның ішінде 34-і жұмыртқа, 29-ы ет өндіруге бағытталған, ал жетеуі асыл тұқымды репродукция фабрикалары ретінде қызмет атқарады.