Еліміздің жалпы ішкі өнімі 2025 жылдың 10 айында 6,4%-ға өсті
Ұлттық статистика бюросының алдын ала деректері бойынша, 2025 жылдың қаңтар-қазан айларында Қазақстанның Жалпы ішкі өнімі (ЖІӨ) өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 6,4%-ға өсті, деп хабарлайды Altainews.kz тілшісі ҚР Ұлттық экономика министрлігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Тауарлар өндірісі 8,2%-ға, ал қызмет көрсету саласы 5,3%-ға артты.
ЖІӨ өсіміне ең үлкен үлесті өнеркәсіп саласы қосты (7,3%), оның жалпы өсімдегі үлесі 30%-ға тең. Сауда және көлік салаларын қосқанда бұл көрсеткіш 70%-дан асты.
Өңдеу өнеркәсібінде өсім 5,8%-ды құрады. Бұл кейбір бағыттардағы өнім өндірісінің артуына байланысты: машина жасау – 11,5%, соның ішінде автомобиль құрастыру – 13,3%; химия өнеркәсібі – 10,9%; азық-түлік – 9,1%; мұнай өнімдері – 6,3%; металл бұйымдары – 14,1%; құрылыс материалдары – 5,3%.
Құрылыс саласындағы өсім ірі инфрақұрылымдық жобаларды іске асырумен байланысты. Қаңтар-қыркүйек айларындағы 14,9%-бен салыстырғанда құрылыс жұмыстарының көлемі 15,1%-ға жетті.
Ауыл шаруашылығында өсім маусымдық фазаның әсерінен 5,4%-ға артты. Өсімдік шаруашылығы – 6,7%, ал мал шаруашылығы – 3,4%. Өнім көлемінің өсуі мемлекеттік қолдау шаралары, агротехнологияларды сақтау және егін жинау кезіндегі қолайлы ауа-райымен байланысты. Ақмола (+13,6%), Қостанай (+14,9%) және Павлодар (+7,4%) облыстарында дәнді дақылдардың өнімділігі артты. Сүт өндірісі 5,2%-ға, ет өндірісі 2,8%-ға, жұмыртқа өндірісі 1,4%-ға өсті.
Сауда саласында өсім 9%-ды құрады. Көрсеткіштердің негізгі үлесі (66,5%) көтерме сауда кәсіпорындарында байқалды. Айналым қаражатының ұлғаюы Павлодар, Атырау облыстары мен Астана қаласында тіркелді.
Көлік саласында өсім жоғары қарқынмен жалғасып отыр. Барлық көлік түрлері бойынша тасымал көлемінің ұлғаюына байланысты көлік қызметінің көлемі 20,7%-ға артты.
Үкімет басым салаларды қолдауға, экономиканы әртараптандыруға және инвестициялар тартуға баса назар аудара отырып, сапалы экономикалық өсімді қамтамасыз етуге бағытталған Президент тапсырмаларын орындау үстінде.



