Самар ауданындағы өрт сөндірушілердің даярлығы тексерілді
Самар ауданында "Өрт-2024" республикалық командалық-штабтық оқу-жаттығу шаралары өтті.
Шараның мақсаты – жаз маусымындағы дала өртінің алдын алу, мамандардың даярлығын тексеру, деп хабарлайды Altainews.kz тілшісі.
Оқу-жаттығу жұмыстары Қайыңды орманшылығының аумағында өтті. Өрт сөндірушілер алдымен жазық алаңқайда арнайы жағылған өртті сөндіруге кірісті.
Жаттығу барысында "Самар орман шаруашылығы" қызметкерлері өрттің жақын маңдағы Қайыңды ауылына таралуы мүмкін екенін анықтады. Шұғыл түрде күштер мен құралдарды топтастырып, төтенше жағдай аймағына жіберді.
Қауіпсіздік мақсатында жергілікті атқарушы органдар Қайыңды ауылының тұрғындарын эвакуациялауды ұйымдастырды. Өртті сөндіру басшысы жергілікті өрт сөндіру штабын ұйымдастырып, 2 сөндіру учаскесін анықтады. Орман шаруашылығы қызметкерлері өрттің таралуынан қорғайтын және өрттің шеткі бөлігін сөндіретін минералданған жолақ төседі.
ШҚО ТЖД "Өрт сөндіру қызметі" №32 ӨСБ өрт сөндірушілері, сондай-ақ екі өрт сөндіру бекеті Құлынжон мен Сарыбел автоцистерналардың, рюкзактық орман өрт сөндіргіштерінің көмегімен отпен күресті. Жергілікті атқарушы органдардың қызметкерлері крекерлерді, автоцистерналарды және тракторларды қолдана отырып, қиын жерлерде жұмыс істеді.
Өрт сөндірушілердің, орманшылардың, жергілікті атқарушы органдардың күшімен 50 гектар аумақта өрт сөндірілді.