Қазақстанда автожолдардың нақты жөндеуаралық мерзімдері бекітілді
Қазақстанда алғаш рет ұлттық деңгейде республикалық және халықаралық маңызы бар автомобиль жолдары мен жол инфрақұрылымы элементтерінің бірыңғай әрі міндетті қызмет ету және жөндеуаралық мерзімдері бекітілді, деп хабарлайды Altainews.kz тілшісі ҚР Көлік министрлігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Бұл талаптар жол құрылысы, қайта жаңғырту, күрделі, орташа және ағымдағы жөндеу жұмыстары аяқталғаннан кейін қолданылады. Құжатты «Қазақстан жол ғылыми-зерттеу институты» («ҚазжолҒЗИ») әзірлеп, Қазақстан Республикасы Көлік министрлігінің Автомобиль жолдары комитеті бекітті.
«ҚазжолҒЗИ» мамандарының айтуынша, бұған дейін автожол саласында қызмет ету мен кепілдік мерзімдеріне қатысты бірыңғай міндетті талаптар болмаған. Көп жағдайда олар ұсынымдық сипатта ғана көрсетіліп, жекелеген келісімшарттарда немесе «кемінде» деген жалпылама тұжырымдармен шектеліп келген. Мұндай тәжірибе мердігер ұйымдардың жауапкершілігін нақты айқындауға мүмкіндік бермей, жолдарды ұзақ мерзімді күтіп-ұстау мен жоспарлауды қиындатқан.
Жаңа нормативтік құжат бұл олқылықтың орнын толтырып, нақты және міндетті кепілдік мерзімдерін белгілейді. Атап айтқанда, құрылыс, қайта жаңғырту және күрделі жөндеуден кейін кепілдік мерзімі жол санаты мен көлік қозғалысының қарқындылығына байланысты 4 жылдан 8 жылға дейін, ал орташа жөндеу кезінде 3 жылдан 6 жылға дейін болып бекітілді. Бұл көрсеткіштердің барлығы нормативтік құжатта нақты жазылып, міндетті түрде қолдануға енгізілді.
Сонымен қатар жөндеуаралық мерзімдер де жеке айқындалды. Бұл мерзімдер жол конструкциясының келесі күрделі араласуға дейінгі есептік қызмет ету кезеңін білдіреді және қолданылатын технологиялар мен материалдардың сапасына тікелей тәуелді. Мәселен, цементбетон жамылғысы бар автомобиль жолдары үшін жөндеуаралық мерзім 25 жыл, ал асфальтбетон жамылғысы бар жол киімдері үшін 16 жыл деп белгіленді. Заманауи технологиялар мен модификацияланған материалдар қолданылған жағдайда бұл мерзімдерді қосымша ұзартуға мүмкіндік бар.
Кепілдік мерзімі аяқталған соң орындалған жұмыстарға комиссиялық тексеру жүргізіледі. Тексеру барысында жолдың нақты техникалық жай-күйі белгіленген нормативтерге сәйкестігі жан-жақты бағаланады. Комиссияның құрамы, жұмыс тәртібі және бағалау өлшемдері арнайы регламенттелген. Тексеру нәтижелері объектіні одан әрі пайдалануға беру немесе мердігер ұйымдардың жауапкершілігін айқындау үшін негіз болады.
Жаңа құжатта жол инфрақұрылымы элементтеріне де жеке талаптар блогы алғаш рет бекітілді. Қолданылатын материалға байланысты жиектастардың (бордюр) қызмет ету мерзімі 30 жылға дейін ұлғайтылды: бетон тастар үшін – 20 жылға дейін, гранит тастар үшін – 30 жылға дейін. Жол белгілері үшін жарыққайтару қабілетінің деңгейі бойынша жіктеу енгізіліп, олардың қызмет ету мерзімі 10 жылға дейін деп белгіленді. Сонымен қатар қоршаулар, тіректер мен инженерлік элементтер үшін 5 жылға дейінгі бірыңғай кепілдік мерзімдер, ал жол таңбалары, шу жолақтары мен қорғаныс құрылыстары үшін нақты нормативтік мерзімдер айқындалды.
Бұған дейін мұндай нақты мерзімдердің болмауы кей жағдайларда инфрақұрылым элементтерін техникалық қажеттіліксіз ерте ауыстыруға әкелген. Ал жаңа көрсеткіштердің бекітілуі автожолдарды күтіп-ұстаудың ашық, тиімді және болжамды жүйесін қалыптастыруға мүмкіндік береді. Бұл өз кезегінде бюджет қаражатын ұтымды пайдалануға және жол сапасын ұзақ мерзімге сақтауға жағдай жасайды.
Мамандардың айтуынша, жаңа тәсіл жолдардың нақты жай-күйін талдау мен оларды пайдалану тәжірибесіне негізделген. Құжатты әзірлеу барысында Ұлттық кәсіпкерлер палатасының, автожол саласындағы қауымдастықтардың, жол-құрылыс компанияларының, сондай-ақ тиісті мемлекеттік органдар мен ұлттық компаниялардың ұсыныстары ескерілген. Бұл мемлекет, бизнес және салалық қатысушылар арасындағы мүдделер теңгерімін қамтамасыз етуге мүмкіндік берді.
Бекітілген нормалар алдағы уақытта еліміз бойынша жол жұмыстарын жоспарлау, келісімшарттар жасау және объектілерді қабылдау кезінде негізгі нормативтік базаға айналады. Ұзақ әрі нақты белгіленген мерзімдер мердігер ұйымдардың жұмыс сапасы мен ұзақмерзімді жауапкершілігін арттырып, жалпы автожол саласының дамуына оң әсер етеді деп күтілуде.
Айта кетейік, «Құрылыстан, қайта жаңғыртудан, күрделі, орташа және ағымдағы жөндеуден кейін автомобиль жолдарының конструктивтік элементтерінің, оның ішінде жол жағдайының жөндеуаралық мерзімдерін белгілеу» атты құжат Қазақстан Республикасы Көлік министрлігінің Автомобиль жолдары комитетінің 2025 жылғы 18 қарашадағы №119 бұйрығымен бекітіліп, Нормативтік-техникалық құжаттардың бірыңғай мемлекеттік қорының ресми сайтында жарияланған.