Асыраушысынан айырылғандарға 372 миллиард теңгеден астам қаржы төленді
depositphotos.com
Жыл басынан бері Қазақстанда мүгедектік және асыраушысынан айырылу жағдайлары бойынша мемлекеттік әлеуметтік қолдау шараларына 372,3 миллиард теңге бөлінді. Бұл қаражат республикалық бюджет пен Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қоры (МӘСҚ) есебінен төленген, деп хабарлайды Altainews.kz тілшісі Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігіне сілтеме жасап.
Ресми мәліметке сәйкес, республикалық бюджеттен 327,5 миллиард теңге мүгедектік және асыраушысынан айырылу бойынша мемлекеттік әлеуметтік жәрдемақыларға (МӘЖ) бағытталды. Ал МӘСҚ тарапынан еңбекке қабілеттілігінен айырылу мен асыраушысынан айырылу бойынша 44,8 миллиард теңгеге жуық әлеуметтік төлем жасалды.
2025 жылғы 1 шілдедегі жағдай бойынша елімізде мүгедектікке байланысты жәрдемақы алатындар саны – шамамен 541,7 мың адам, ал асыраушысынан айырылғандар – 198,3 мың адам.
Жәрдемақы мен төлемдер қалай есептеледі?
Мүгедектікке байланысты төлемдердің мөлшері адамның мүгедектік тобына, себебіне және тиісті жылға бекітілген ең төмен күнкөріс деңгейіне (ЕТКД) байланысты есептеледі. Асыраушысынан айырылған жағдайда жәрдемақы көлеміне қайтыс болған адамның асырауындағы адамдар саны мен өлімнің себебі әсер етеді.
МӘСҚ арқылы төленетін әлеуметтік төлемдер де жоғарыда аталған әлеуметтік тәуекелдерге байланысты төленеді. Биылғы 1 шілдедегі жағдай бойынша 94,4 мың адам еңбекке қабілеттілігінен айырылуына байланысты, ал 64,8 мың отбасы асыраушысынан айырылғаны үшін төлем алған.
Бұл төлемдердің нақты мөлшері әр адамға жеке есептеледі. Есептеу барысында соңғы екі жыл ішіндегі әлеуметтік аударымдар көлемі, орташа айлық табыс, сақтандыру өтілі, табысты ауыстыру коэффициенті, сондай-ақ отбасы құрамындағы асырауындағы адамдар саны ескеріледі.
Жәрдемақы мөлшеріне өзгеріс енгізілді
2025 жылғы 1 қаңтардан бастап ең төмен күнкөріс деңгейінің ұлғаюына байланысты МӘЖ және МӘСҚ тарапынан төленетін әлеуметтік төлемдер 6,5 пайызға артты.
Атап айтқанда, мүгедектігі бар азаматтарға төленетін жәрдемақы мөлшері:
-
1-топ үшін – 101 702 теңге,
-
2-топ үшін – 81 362 теңге,
-
3-топ үшін – 55 474 теңге.
Ал еңбекке қабілеттілігінен айырылу жағдайындағы төлемнің орташа мөлшері – 70 574 теңге, асыраушысынан айырылғандар үшін – 72 528 теңге.
Бұл төлемдер – республикалық бюджеттен бөлінетін жәрдемақыларға қосымша көрсетілетін әлеуметтік қолдау шарасы болып табылады.