Үш күннен кейін колледждерге құжат қабылдау басталады
Қазақстанда 25 маусымда колледждерге құжат қабылдау басталады. Бұл туралы білім және ғылым вице-министрі Рүстем Биғари мәлімдеді.
"Колледждерге құжат қабылдау үш күннен кейін басталады. Өтініш берушілерге композиттік қызметтер көрсетіледі. Яғни, техникалық және кәсіптік, орта білімнен кейінгі білім беру ұйымдарына құжат қабылданады және талапкерлерге техникалық және кәсіптік білім беру ұйымдарында жатақхана беріледі", - деді Биғари білім министрлігінің аппарат жиналысында.
Сонымен қатар, проактивті форматта тегін тамақтандыру қызметі қарастырылған.
Вице-министрдің айтуынша, құжат қабылдау үшін әр өңірде өзінің ақпараттық жүйесі бар. Мәселен, бірқатар облыста Smartnation порталы жұмыс істейді. Қарағанды облысында "Білімал" ақпараттық жүйесі, батыс өңірлерде EduSystems жүйесі іске қосылған.
Биғари олардың барлығы Ұлттық білім беру деректер базасымен интеграциялануы керек екенін атап өтті.