ШҚО-да «Мұз» акциясы жалғасуда: 360-тан астам рейд ұйымдастырылды
Еліміздің өңірлерінде қысқы кезеңде су айдындарындағы қауіпсіздікті қамтамасыз етуге бағытталған «Мұз» насихаттау-профилактикалық акциясы жүйелі түрде жалғасуда. Акция аясында азаматтардың өмірі мен денсаулығын қорғауға арналған кешенді алдын алу іс-шаралары ұйымдастырылып, халық арасында қауіпсіздік мәдениетін қалыптастыруға басымдық берілуде, деп хабарлайды Altainews.kz тілшісі ҚР Көлік министрлігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Бүгінгі күнге дейін республика көлемінде 10,5 мыңнан астам рейд пен патрульдеу жүргізіліп, 57 мыңнан астам азаматпен түсіндіру жұмыстары өткізілді. Сонымен қатар 15 мыңға жуық балықшыға мұз үстіндегі қауіпсіздік ережелері бойынша арнайы нұсқаулықтар берілді. Құтқару бөлімшелерінің жедел әрі үйлесімді жұмысының нәтижесінде 11 адамның, оның ішінде 7 баланың өмірі құтқарылды.
Төтенше жағдайлар департаменттерінің қызметкерлері полиция және волонтерлермен бірлесіп, су айдындарында күн сайын рейдтік іс-шаралар жүргізуде. Мамандар мұздың жағдайын бақылап, тұрғындарға қауіпті аймақтар туралы ақпарат беріп, ережелерді қатаң сақтауға шақыруда.
Шығыс Қазақстан облысында қыс басталғалы бері мұз үстінде 360-тан астам профилактикалық рейд ұйымдастырылды. Іс-шараларға волонтерлер мен полиция қызметкерлері белсенді қатысып, тұрғындарға тұрақты түрде нұсқаулықтар өткізілуде. Су айдындарында қауіпсіздік талаптарын бұзғаны үшін 23 адам әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Құтқарушылар автокөлікпен мұз үстіне шығудың аса қауіпті екенін ерекше атап өтеді.
Төтенше жағдайлар министрлігі азаматтарға су айдындарында қауіпсіздік ережелерін қатаң сақтаудың маңыздылығын ескертеді. Бір адам үшін мұздың қауіпсіз қалыңдығы кемінде 10 сантиметр болуға тиіс. Қараңғы уақытта, көріну деңгейі төмендеген кезде, мұз қату және еру кезеңінде мұзға шығуға қатаң тыйым салынады. Мұз қалыңдығы 10-25 сантиметр аралығында болған жағдайда мұз астынан балық аулауға тек құтқару жилеті болған кезде ғана рұқсат етіледі.
Мұз үстінде болған кезде жұқа және қатпаған жерлерге шығуға, қауіпті учаскелерде топтасып жиналуға, ойықтар мен жарықшақтарға жақындауға, белгіленбеген өткелдерден тыс көлікпен мұзға шығуға, от жағуға, ойықтарды бір-біріне тым жақын орналастыруға, сондай-ақ мұз үстінде қоқыс пен жабдықтарды қалдыруға жол берілмейді.
ТЖМ азаматтарды барынша сақ болуға, өз өміріне және айналасындағы адамдардың қауіпсіздігіне жауапкершілікпен қарауға шақырады. Қарапайым қауіпсіздік талаптарын сақтау қайғылы жағдайлардың алдын алып, қысқы демалысты қауіпсіз өткізуге мүмкіндік береді.