Ардагерлер – ақылдың кені
Бүгін Шығыс Қазақстан облысында өңірдегі ардагерлер ұйымдары қызметінің жылдық қорытындысына арналған алқалы жиын өтеді, деп хабарлайды Altainews.kz.
Облыс әкімдігінде ұйымдастырылатын басқосуда Шығыс Қазақстан облыстық ардагерлер кеңесінің бір жыл ішінде атқарған жұмыстары сараланып, алдағы кезеңге арналған міндеттер айқындалады.
Кездесу барысында өңірдің қоғамдық өміріне белсене араласып жүрген ардагерлердің бастамалары, әлеуметтік-мәдени бағыттағы жұмыстар мен ұрпақтар сабақтастығын нығайтуға қосқан үлесі жан-жақты талқыланады. Сонымен қатар іске асқан жобаларға баға беріліп, келер жылға арналған жоспарлар нақтыланады.
Еліміздің тұрақты дамуы жолында қол жеткізілген жетістіктер мен толағай табыстардың негізінде аға буынның бірлік пен ынтымақты ту еткен ерен еңбегі жатыр. Бұл – саналы ғұмырын ел игілігіне арнаған ардагерлердің өлшеусіз үлесінің айқын дәлелі.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев Қазақстан халқына арналған биылғы Жолдауында патриотизм қоғамға нақты пайда әкелу, жаңашылдық пен жасампаз бастамалар арқылы көрініс табатынын атап өткен болатын. Осы асыл құндылықтарды жас ұрпақтың бойына сіңіру, отансүйгіш әрі ойлы азаматтарды тәрбиелеу ісінде ардагерлердің рөлі айрықша.