KZ
Өскемен
-31°
переменная облачность Штиль
512.16 594.72 6.57

Gemini енді қазақ тілінде қолжетімді

19.12.2025, 12:45 113 Төлеуғазы Жансая

Қазақстан Республикасының Тәуелсіздік күніне орай Google компаниясы өзінің ең озық жасанды интеллект үлгілерінің бірі — Gemini моделін қазақ тілінде қолжетімді еткенін жариялады. Бұл шешім әлемдік деңгейдегі жасанды интеллект технологияларының тілдік қолдау аясын кеңейтуге бағытталған жаһандық бастаманың бір бөлігі саналады, деп хабарлайды Altainews.kz тілшісі ҚР Жасанды интеллект және цифрлық даму министрлігіне сілтеме жасап. 

Қазақ тілі Gemini-дің үшінші буынын іске қосу барысында қосылған 23 жаңа тілдің қатарына енді. Осылайша, Қазақстандағы пайдаланушылар жасанды интеллект мүмкіндіктерін әлемдегі кең таралған тілдермен бірдей деңгейде, өз ана тілінде пайдалану мүмкіндігіне ие болды. Бұл — цифрлық теңдік пен технологиялық қолжетімділік тұрғысынан маңызды қадам.

Қазіргі таңда Gemini-дің қазақ тіліндегі интерфейсі веб-нұсқада қолжетімді. Оны пайдалану үшін Google аккаунтының баптауларынан қазақ тілін таңдау жеткілікті. Алдағы кезеңде Android және iOS жүйелеріне арналған мобильді нұсқаларды қолдау, сондай-ақ Gemini Live сервисін іске қосу жоспарланып отыр. Бұл пайдаланушыларға жасанды интеллектпен тікелей әрі интерактивті форматта жұмыс істеуге мүмкіндік береді.

Gemini-дің қазақ тілінде іске қосылуы — Google компаниясының Қазақстанда жасанды интеллектіні дамытуға бағытталған кешенді жұмысының бір бөлігі. Аталған бастама кадрларды даярлауға инвестиция салуды, цифрлық дағдыларды арттыруды, отандық әзірлеушілерді қолдауды және инновациялық экожүйені қалыптастыруды көздейді. Компанияның бағалауынша, жасанды интеллектіні мемлекеттік секторға кеңінен енгізу басқару тиімділігін арттырып, бюджет жүйесінің тұрақтылығын нығайтады әрі елдің экономикалық өсіміне оң әсер етеді.

Бұл ретте жасанды интеллекттің дамуы суперкомпьютерлік инфрақұрылыммен тікелей байланысты. Үлкен деректерді өңдеу, тілдік модельдерді жетілдіру, ғылыми зерттеулер мен мемлекеттік цифрлық сервистерді дамыту үшін жоғары өнімді есептеу қуаты қажет. Сарапшылардың пікірінше, суперкомпьютерлер жасанды интеллекттің «жүрегі» саналады. Олар деректерді секундтар ішінде өңдеп, күрделі модельдерді оқытуға мүмкіндік береді. Қазақстанда бұл бағытта басталған жұмыстар елдің технологиялық тәуелсіздігін нығайтып, халықаралық бәсекеге қабілеттілігін арттыруға жол ашады.

ҚР Жасанды интеллект және цифрлық даму министрлігінде жаһандық жасанды интеллект шешімдерінің қазақ тілінде қолжетімді болуы цифрлық мемлекет құру жолындағы маңызды қадам екенін атап өтті. Бұл бастама азаматтар үшін заманауи технологияларды барынша қолжетімді етіп, мемлекеттік қызметтер сапасын арттыруға, сондай-ақ отандық AI-экожүйені дамытуға ықпал етеді.

Министрлік алдағы уақытта жасанды интеллектті дамыту, цифрлық өнімдерді жергілікті тілге бейімдеу және жаңа буын IT-мамандарын даярлау бағытында халықаралық технологиялық серіктестермен ынтымақтастықты жалғастыратынын мәлімдеді. Сарапшылардың айтуынша, қазақ тілінің ірі жасанды интеллект платформаларына енуі — ұлттық тілдің цифрлық кеңістіктегі орны нығайып, болашақта білім, ғылым, медицина және мемлекеттік басқару салаларында кеңінен қолданылуына жол ашады.


Фото: ҚР Жасанды интеллект және цифрлық даму министрлігі

Біздің Instagram парақшамызға жазылыңыз

Жаңалықтарды ең бірінші болып оқыңыз

жазылу