Қазақстанда өкпе обырын ерте анықтауға арналған жаңа скрининг енгізілуі мүмкін
Елімізде өкпе қатерлі ісігін ерте кезеңде анықтауға бағытталған жаңа скрининг түрі енгізілмек. Бұл туралы Денсаулық сақтау министрлігінің «Ашық НҚА» порталында жарияланған бұйрық жобасында айтылған, деп хабарлайды Altainews.kz тілшісі.
Жаңа бастама ең алдымен қатерлі ісікке шалдығу қаупі жоғары азаматтарға арналған. Олардың қатарында ұзақ жылдар бойы темекі шегетіндер, сондай-ақ зиянды және қауіпті өндіріс орындарында жұмыс істейтін адамдар бар. Қазіргі таңда скринингтен өтетін нақты жас шамасы әлі нақтыланған жоқ.
Министрлік өкілдерінің айтуынша, өкпе обырының ең үлкен қиындығы – аурудың бастапқы кезеңінде айқын белгілердің болмауы. Адам өзін жақсы сезініп жүргенімен, дерт іштен асқынып кетуі мүмкін. Осы себепті ауруды ерте анықтау үшін төмен дозалы компьютерлік томография (ТДКТ) қолдану жоспарланып отыр. Бұл әдіс өкпедегі өзгерістерді ерте кезеңде көруге мүмкіндік береді.
Мамандардың есептеуінше, жаңа скрининг бағдарламасы іске қосылса, өкпе обырынан болатын өлім-жітімді шамамен 20 пайызға дейін азайтуға болады. Себебі, дерт ерте анықталған жағдайда емнің тиімділігі де айтарлықтай жоғары болады.
Скрининг барысында дәрігерлер тек өкпе обырын ғана емес, кеуде қуысы мен өкпеге қатысты басқа да бірқатар ауруларды ерте кезеңде анықтай алады. Олардың қатарында:
– туберкулез,
– пневмония,
– созылмалы обструктивті өкпе ауруы (ХОБЛ),
– эхинококкоз,
– өңеш қатерлі ісігі,
– аорта аневризмасы,
– көкірек арты зобы,
– лимфома және өзге де патологиялар бар.
Денсаулық сақтау министрлігі жаңа скринингтен өтетін азаматтарға флюорография тапсырудың қажеті болмайтынын да атап өтті. Бұл тәсіл бір жағынан уақытты үнемдесе, екінші жағынан бағдарламаның экономикалық тұрғыдан тиімді болуына ықпал етеді.
Қазақ онкология және радиология ғылыми-зерттеу институтының мәліметінше, елімізде өкпе обырын ерте анықтау деңгейі әлі де төмен күйінде қалып отыр. Сонымен қатар, бұл дерт онкологиялық өлім-жітім құрылымында бірінші орында, ал сырқаттану көрсеткіші бойынша екінші орында тұр.
Министрлік өкілдері жаңа скрининг бағдарламасы осы жағымсыз статистиканы өзгертуге мүмкіндік береді деп отыр.
Сонымен қатар, Денсаулық сақтау министрлігі вирустық В және С гепатиттерін ерте анықтауға арналған тексеру аясын кеңейтуді де жоспарлап отыр. Қазіргі таңда мұндай тексерулер тек медицина қызметкерлеріне, операция алдындағы пациенттерге, жүкті әйелдерге және жекелеген санаттарға ғана жүргізіледі.
Ал 2026 жылдың екінші жартысынан бастап бұл тәсіл түбегейлі өзгереді. Яғни, қауіп тобына бөлу тәжірибесінен бас тартылып, В және С гепатиттеріне тексеру 18 жастан асқан барлық азаматтарға қолжетімді болмақ.
Аталған бұйрық жобасы 2026 жылғы 1 қаңтарға дейін қоғамдық талқылауда болады.