KZ
Өскемен
-6°
ясно жел 2 м/с, В
504.76 593.8 6.5

Өңір руханиятының айнасы: «Туған жер – алтын бесігім!» жобасының қорытынды кеші

19.12.2025, 12:30 88 Базарова Айгүл

Бүгін Шығыс Қазақстанда туған жерге деген тағзым мен рухани сабақтастықтың символына айналған дәстүрлі «Туған жер – алтын бесігім!» ауқымды облыстық жобасының 2025 жылғы қорытындысы шығарылады. Өнерімен өрнек салып, салт-дәстүрімен сананы жаңғыртқан, ұлттық құндылықтары мен жергілікті өнімдері арқылы жұртшылықты қуантқан облыстың әр ауданы мен әр ауылынан келген өкілдер бір сахнада тоғысады, деп хабарлайды Altainews.kz тілшісі.

Ауқымды мәдени жобаға облыстың 12 ауданы толықтай қатысып, өңірдің шығармашылық әлеуетін кеңінен танытып, арнайы жәрмеңкеде ауыл шаруашылығы өнімдерін ұсынды. Қорытынды кеште Шығыс Қазақстанның әр түкпірінен келген үздік шығармашылық ұжымдар мен дарынды орындаушылар бас қосып, туған өлкенің рухын, ұлттық өнер мен дәстүрдің бай мұрасын паш етеді.

Айта кетейік, «Туған жер – алтын бесігім!» жобасы аясында өңір тұрғындары үшін танымал отандық әншілер мен әртістер, ақындар мен айтыскерлер де өнер көрсетті. Атап айтқанда, Нұрмұхаммед Жақып, Серікбол Сайлаубек, Жандарбек Бұлғақов пен Сырым Әуезхан, Медет Көжекбаев, Нұргүл Мыңғатова, Руфат Маратұлы мәдени күндер аясында сахна төрінде өнерімен ерекшеленді.

Әр аудан мәдени күндерін ерекше форматта, мазмұнды әрі жаңашыл түрде ұйымдастыруға ұмтылды. Мәселен, Зайсан ауданы Өскемендегі ірі сауда орталықтарының бірінде ұлттық киімдегі шеру ұйымдастырып, халық аспаптарында ойнап, ән шырқап, қала тұрғындарына мерекелік көңіл күй сыйлады. Ұлан ауданында «Алтай» көтерме-бөлшек сауда орталығында ұлттық нақыштағы музыкалық шеру өтсе, Тарбағатай ауданы шерумен қатар көрме ұйымдастырып, көпшіліктің қызығушылығын тудырды.

Қорытынды Гала-концерт көрерменге мазмұны бай, әсерлі мәдени бағдарлама ұсынып, өңір өнерпаздарының шығармашылық жетістіктерін бір арнаға тоғыстырмақ.


Өтетін уақыты: 19 желтоқсан

Басталуы: сағат 17:00

Өтетін орны: Өскемен қаласы, ШҚО филармониясының концерт залы

Біздің Instagram парақшамызға жазылыңыз

Жаңалықтарды ең бірінші болып оқыңыз

жазылу