Шығыс Қазақстанда Ұлттық ұлан офицері әйелді өрттен аман алып қалды
29 сәуір күні сағат түнгі 23.00 шамасында Өскемен қалалық жедел басқару орталығынан Амурская көшесінің бойындағы 14 үйдің пәтерінен өрт шыққандығы туралы жедел ақпарат түседі.
Дәл осы кезде аталған аумақта патрульде жүрген 5518 әскери бөлімінің тәртіп сақшысы капитан Азамат Сеитов дереу мекен-жайға келіп жетеді. Бұл кезде пәтер тұрғыны үйінде өрт шыққанын сезбей, шырт ұйқыда жатқан. Капитан Азамат Сеитов әйелді ұйқысынан оята салысымен, оны дереу далаға шығарып, құтқарушылар келгенше өздігінен өртті ауыздықтап үлгерді.
Кейіннен өрт қосулы күйде қалған электр плитаның кесірінен шыққандығы анықталды.