Масканы ерте шешіп тастаған жоқпыз ба? Ералы Тоғжанов жауап берді
Маска режимінен бас тарту – асығыс шешім емес. Бұл туралы журналистер сауалына жауап берген ҚР Премьер-Министрінің орынбасары Ералы Тоғжанов айтты.
Үкімет отырысында журналистер Ералы Тоғжановтан коронавирусты пандемия әлі аяқталмағанын тілге тиек ете отырып, «маска режимін алып тастау ерте емес пе?» деп сұрады.
«Жоқ, ерте емес. Шағын және орта бизнес субъектілеріне 100 пайыз жұмыс істеуге мүмкіндік береміз. Көрші елдерде жұқтыру көрсеткіші әлі де төмендеген жоқ. Сондықтан шекарадан өту кезіндегі шектеулер сол қалпы, алынған жоқ. Яғни, вакцинация төлқұжаттары, ПТР тестілері әлі де маңызды, – деді Ералы Тоғжанов.
Еске салайық, 25 наурызда Қазақстан Республикасының Бас мемлекеттік санитариялық дәрігері маска тағу режимін жою және нысандардағы санитарлық-эпидемиологиялық режимді сақтау талаптары туралы жаңа қаулыға қол қойған болатын.