Мектеп оқушылары коронавирусқа байланысты демалысқа ерте шығады
Қазақстанда мектеп оқушылары коронавирусқа байланысты тоқсанаралық демалысқа ерте шығады. Бұл туралы ҚР Премьер-Министрінің орынбасары Ералы Тоғжанов мәлімдеді.
«Мектеп оқушылары демалысқа ерте шығады. Демалыс уақыты 16 наурыз – 5 сәуір аралығында. Ал техникалық, кәсіптік білім ошақтары мен университет студенттері 16 наурыздан бастап қашықтықтан оқу жүйесіне көшеді», – деді Ералы Тоғжанов.
Сондай-ақ ол еліміздегі жоспарланған спорттық ойындар көрерменсіз өтетінін, ал орталықтардағы кинотеатрлар жұмысын тоқтататынын мәлімдеді. Ал сауда орталықтары қалыпты жұмыс істейді.
«Қазақстанда коронавирус деректері тіркелген жоқ. Тек ресми дереккөздерге сенулеріңізді сұраймыз», - деді Ералы Тоғжанов.
Білім министрі Асхат Аймағамбетов болса, балабақшалардың карантинге жабылмайтынын айтты.
Еске сала кетейік, Президент Қасым-Жомарт Тоқаев әлеуметтік желідегі парақшасында қоғамдық іс-шаралар уақытша тоқтатылатынын жазған болатын.
«ДДСҰ (Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы) коронавирусты пандемия деп жариялады. Үкімет арнайы алдын алу шараларын қолға алады. Қоғамдық іс-шаралар уақытша тоқтатылады. Азаматтар азық-түлікпен және ең қажетті тауарлармен үздіксіз қамтылады. Шағын және орта бизнес зардап шекпеуі тиіс», - деп жазды мемлекет басшысы.