Жақсылық Омар 9-қабаттағы тұрғынды өрттен құтқарып қалған жігіттерді марапаттады
Өскеменде әйелді өрттен құтқарып қалған жігіттер марапатталды. Қала тұрғындарының атынан Өскемен әкімі Жақсылық Омар оларға ерліктері үшін алғыс айтып, естелік сыйлықтар табыстады.
12 наурыз күні Протозанов көшесінде орналасқан үйдің тоғызыншы қабатындағы пәтерден өрт шыққан. ШҚО ТЖД өрт сөндіру бөлімінің қызметкерлері келгенше, үш жігіт оқиға орнына жақын маңда болып, пәтерден шығып жатқан түтінді байқаған. Кейін балконда көмекке сұрап, әзер тұрған әйелді көреді.
Үш жігіттің бірі - Берік 8-ші қабаттағы пәтер арқылы балконға шығып, әйелді шығарып алды. Оған достары Дарын және Бектемір көмектескен. Медициналық колледжде оқып жүрген Дарын зәресі қалмаған әйелге алғашқы көмек көрсеткен. Осылайша жігіттер адам өмірін құтқарып, подъездің басқа да тұрғындарына өрт жайлы ескертіп үлгерді.
- Берік Сағымбаев, Дарын Жәнібеков және Бектемір Әлібеков – нағыз батырлар. Мен бұл тамаша балалармен танысқаныма қуаныштымын. Қаламыздың атынан оларға ерліктері үшін алғыс айтып, естелік сыйлықтар табыстадым. Балаларға өмір жолында жоғары жетістіктер тілеймін. Сендерге көп рахмет! – деді қала әкімі Жақсылық Омар.