KZ
Өскемен
-23°
пасмурно жел 2 м/с, В
514.31 603.03 6.4

Энергетика: алдағы бес жылда ШҚО-да 9 су электр стансасы салынады

Бүгін, 09:10 84 Ержан Әбіш

ШҚО-да электр энергетикасын дамыту және саланы цифрландыру бағытында жүйелі жұмыс жүргізіліп келеді. Өңірдің энергетикалық әлеуеті тек өндіріс көлемімен ғана емес, алдағы жылдарға жоспарланған ірі жобаларымен де ерекшеленіп отыр. Бұл туралы өңірдегі энергетика саласының даму көрсеткіштері айғақтайды, деп хабарлайды Altainews.kz тілшісі.

Қазіргі кезде облыста түрлі меншік нысанындағы 8 энергия өндіруші ұйым жұмыс істейді. Олардың құрамында 7 су электр станциясы және 3 жылу электр орталығы бар. Атап айтқанда, өңірде Өскемен ГЭС-і, «Қазцинк» құрамындағы Бұқтырма ГЭС-і, Лениногор ГЭС-і, Тұрғысын-1 ГЭС-і, Зайсан ГЭС-і, сондай-ақ Өскемен, Согра және Риддер жылу электр орталықтары энергия өндіруде. Барлық станциялардың жиынтық қуаты – 1605,98 мегаватт. Бұл жөнінде облыстық энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасының басшысы Наурызбай Сармурзин Өңірлік коммуникациялар қызметі алаңында өткен брифинг барысында мәлімдеді.

Осы жылдың 10 айының қорытындысы бойынша облыста 6,3 млрд кВт/сағат электр энергиясы өндіріліп, оның 5,9 млрд кВт/сағаты тұтынушыларға жеткізілді. Жалпы тұтыну көлемі 5,4 млрд кВт/сағатты құрап, өңірде 479 млн кВт/сағат электр энергиясының профициті қалыптасты. Дегенмен, қыс мезгілінде, яғни қаңтар-наурыз айларында тұтынудың артуы мен жекелеген генерация көздерінің шектеулі жұмыс істеуіне байланысты 133,9 млн кВт/сағат көлемінде уақытша тапшылық тіркелді.

Өңірдегі электр энергиясының бір бөлігі жаңартылатын энергия көздері есебінен өндіріледі. Олардың үлесі 3,6 пайызды немесе 227,6 млн кВт/сағатты құрайды. Қолданыстағы заңнамаға сәйкес жаңартылатын энергия көздеріне Тишин, Хайрузовка, Үлбі («ЛК ГЭС» ЖШС), Тұрғысын және Зайсан су электр станциялары жатады. Бұл бағытта облыс экологиялық таза энергия көздерін дамытуға басымдық беріп отыр.

– Энергетика саласын ұзақ мерзімді дамыту жоспарына сәйкес өңірде алдағы жылдары 670,55 МВт жаңа генерация қуаттарын іске қосу көзделген. Бұл, ең алдымен, қолданыстағы энергия көздерін жаңғырту және жаңа су электр станцияларын салу арқылы жүзеге асырылады. Атап айтқанда, Өскемен ЖЭО-да қуаты 100 МВт болатын жаңа турбоагрегат 2028 жылы іске қосылса, Согра ЖЭО-да 50 МВт турбоагрегатты қосу 2029 жылға жоспарланған. Сонымен қатар Өскемен ГЭС-інде гидроагрегатты жаңғырту арқылы қосымша 12 МВт қуат өндірілмек, – деді Наурызбай Сармурзин.

Бұдан бөлек, энергетика министрлігі өткізген аукциондық сауда-саттық нәтижесінде облыста жалпы қуаты 148,6 МВт болатын 9 жаңа су электр станциясын салу жоспарланып отыр. Бұл жобалар Катонқарағай, Алтай, Зайсан, Марқакөл, Күршім және Ұлан аудандарында жүзеге асады. Жаңа нысандар кезең-кезеңімен 2027-2030 жылдары пайдалануға беріледі.

Аталған жобалар өңірдің әр ауданында кезең-кезеңімен жүзеге асырылып, су энергетикасының әлеуетін толық пайдалануға бағытталған. Атап айтқанда, Катонқарағай ауданында қуаты 1,4 МВт болатын шағын су электр станциясын «Европа Солар» ЖШС салады. Бұл нысан таулы өңірдегі елді мекендерді тұрақты әрі экологиялық таза электр энергиясымен қамтамасыз етуге мүмкіндік береді. Жобаны 2027 жылы пайдалануға беру жоспарланған. Алтай ауданында Бұқтырма өзенінің бойында қуаты 50 МВт болатын ірі су электр станциясының құрылысы көзделген. «Тұрғысын-2» ЖШС жүзеге асыратын бұл жоба өңірдегі ең қуатты жаңа ГЭС-тердің бірі болмақ. Станция іске қосылған жағдайда облыстың энергия теңгеріміне айтарлықтай үлес қосып, электр энергиясы тапшылығының алдын алуға септігін тигізеді. Нысанды 2029 жылы пайдалануға беру жоспарланып отыр. Зайсан ауданында бірден екі су электр станциясын салу қарастырылған. Олар Үйдене және Жеменей өзендерінің бойында орналасады. Біріншісінің қуаты 4,5 МВт, екіншісінікі 2,4 МВт болады. Жобаларды «FTR-green-LTD» ЖШС іске асырады. Бұл станциялар Зайсан өңіріндегі ауылдарды энергиямен қамтамасыз етуді жақсартып, жергілікті инфрақұрылымның дамуына ықпал етеді. Екі нысан да 2030 жылы іске қосылады. Марқакөл ауданында Қалжыр өзенінің бойында тағы екі су электр станциясының құрылысы жүргізіледі. Жалпы қуаты 35 МВт болатын бұл жобаларды «Kalzhyr River Energy» ЖШС мен «Қалжыргидро» ЖШС жүзеге асырады. Жаңа ГЭС-тер өңірдің энергетикалық қауіпсіздігін күшейтіп, табиғи ресурстарды тиімді пайдалануға мүмкіндік береді. Пайдалануға беру мерзімі – 2030 жыл. Күршім ауданында Күршім өзенінің бойында жалпы қуаты 54,8 МВт болатын екі су электр станциясын салу жоспарланған. Инвестор – «KGE Hydro» ЖШС. Бұл жобалар ірі энергетикалық нысандардың қатарына жатады және іске қосылғаннан кейін облыстың электр энергиясы өндірісін едәуір арттырады. Құрылыс жұмыстары аяқталып, станциялар 2030 жылы пайдалануға беріледі. Сондай-ақ Ұлан ауданында қуаты 0,45 МВт болатын шағын су электр станциясын «Dostyq Hydro» ЖШС салмақ. Бұл жоба көлемі жағынан шағын болғанымен, жергілікті деңгейде электрмен қамтуды жақсартып, жаңартылатын энергия көздерін дамытуға өз үлесін қосады. Аталған нысан да 2030 жылы іске қосылады. Жалпы алғанда, бұл су электр станциялары өңірде жаңартылатын энергия көздерінің үлесін арттырып, экологиялық таза өндірісті дамытуға, сондай-ақ шалғай аудандардың энергиямен тұрақты қамтамасыз етілуіне негіз болмақ.

Сонымен қатар Өскемен қаласының орталық және сол жағалау бөлігінде жылу энергиясы тапшылығы мәселесі өзекті болып отыр. Қазіргі кезде бұл тапшылық 266,7 Гкал/сағатты құраса, 2027 жылға қарай 429,5 Гкал/сағатқа дейін өсуі мүмкін. Осыған байланысты бірнеше ірі жоба қолға алынған. Өскемен ЖЭО-да жаңа қазан агрегатын салу арқылы жылу қуатын 130 Гкал/сағатқа арттыру көзделсе, «Шығыс Жылу» қазандықтарын кеңейту нәтижесінде қосымша 100 Гкал/сағат қамтамасыз етіледі. Ал Согра ЖЭО-да жаңа қазандық салу және жылу желілерін кеңейту жұмыстары 2029-2030 жылдары аяқталмақ.

Ең ауқымды жобалардың бірі – Өскемен қаласында үшінші ЖЭО салу. Бұл нысан іске қосылған жағдайда 360 МВт электр және 1 мың Гкал/сағат жылу энергиясын өндіруге мүмкіндік туады. Жоба бойынша келісімшарт келер жылдың басында жасалып, станция 2030 жылы пайдалануға беріледі деп жоспарланған.

Басқарма басшысының айтуынша, аталған жобалар өңірдің энергетикалық қауіпсіздігін арттырып қана қоймай, экономиканың тұрақты дамуына, жаңа өндірістер мен тұрғын үй құрылысының кеңеюіне серпін береді. Сондай-ақ саланы цифрландыру, энергия тиімділігін арттыру және экологиялық талаптарды сақтау басты назарда қала бермек.

Жалпы, Шығыс Қазақстан облысында энергетика саласы жаңару кезеңіне қадам басып, заманауи технологиялар мен ұзақ мерзімді жоспарлар арқылы өңірдің болашақ дамуына берік негіз қаланып отыр.

Біздің Instagram парақшамызға жазылыңыз

Жаңалықтарды ең бірінші болып оқыңыз

жазылу