Алтай ауданындағы Полянское ауылында заманауи сүт-тауарлы ферма іске қосылды – ШҚО
Алтай ауданындағы Полянское ауылында ауыл шаруашылығы саласын дамытуға бағытталған ірі әрі маңызды жоба іске қосылды. «Мойылды-Байқоңыр» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің сүт-тауарлы фермасына голштин-фриз тұқымындағы жоғары өнімді сүтті ірі қара малының алғашқы табыны жеткізілді. Бұл қадам өңірдегі мал шаруашылығын жаңа деңгейге көтеріп, сапалы әрі экологиялық таза сүт өнімдерінің өндірісін ұлғайтуға жол ашады, деп хабарлайды Altainews.kz.
Аталған жобаның негізгі мақсаты – ауылдық аумақтарда аграрлық өндірісті күшейту, ішкі нарықты отандық өніммен қамтамасыз ету және жергілікті тұрғындар үшін тұрақты жұмыс орындарын құру. Заманауи талаптарға сай жабдықталған сүт-тауарлы ферма ауыл экономикасын жандандырып қана қоймай, агроөнеркәсіптік кешенді әртараптандыруға және өңірдің азық-түлік қауіпсіздігін нығайтуға бағытталған.
Жоба жетекшісінің айтуынша, сүтті мал шаруашылығын дамыту мақсатында 2024–2025 жылдары 1075 басқа арналған сүт-тауарлы ферманың құрылысы кезең-кезеңімен жүзеге асырылған. Жобаның жалпы құны 10 млрд 151 млн теңгені құрайды.
Оның мәліметінше, бюджет қаражаты 2024 жылғы 6 наурыз, 4 сәуір және 20 маусым күндері үш траншпен бөлініп, нақты бағыттар бойынша тиімді игерілген. Атап айтқанда, 2 млрд 226 млн теңге мал азығын дайындайтын техника мен технологиялық жабдықтарды сатып алуға жұмсалса, 7 млрд 371 млн теңге құрылыс-монтаж жұмыстарына бағытталған. Сонымен қатар, 553,7 млн теңгеге голштин-фриз тұқымындағы 350 бас асыл тұқымды ірі қара мал сатып алынған.
Полянское ауылының тұрғыны Ольга Логвинова ферма жұмысының басталуы ауыл өміріндегі айтулы оқиға екенін атап өтті. Оның айтуынша, жаңа өндірістік нысан тұрғындарға тұрақты табыс көзін ұсынып, жастардың ауылда қалып, еңбек етуіне мүмкіндік береді.
Ал Полянское ауылдық округінің әкімі Ержан Өмірбаев жобаның табысты іске асуы мемлекет тарапынан көрсетіліп отырған жүйелі қолдаудың нақты нәтижесі екенін жеткізді. Оның сөзінше, агроөнеркәсіптік кешенді дамыту – өңір үшін стратегиялық маңызы бар басым бағыттардың бірі.
Мамандардың болжамынша, ферма толық өндірістік қуатына шыққан кезде сүт өнімдерінің көлемі айтарлықтай артып, өңір халқын сапалы отандық өніммен қамтамасыз ету мүмкіндігі кеңейе түседі. Бұл өз кезегінде ауыл шаруашылығы саласының тұрақты дамуына және ауылдық аумақтардың әлеуметтік-экономикалық әлеуетін арттыруға серпін бермек.


