ШҚО-да коммуналдық желілердің 76 пайызы тозған

ШҚО-да орта есеппен алғанда коммуналдық желілердің 76,19 пайызы тозған. Атап айтқанда, ең қатты тозған - электр желілері екені анықталды.
Бұл туралы ҚР ҰЭМ Табиғи монополияларды реттеу комитетінің ШҚО бойынша департаментінің басшысы Арман Мәлік айтып берді, деп хабарлайды Altaynews тілшісі.
Коммуналдық желілердің тозуы жалпы елімізде өз шешімін таппай келе жатқан мәселелердің бірі болып отыр. Қыстың қақ ортасында Екібастұз, Риддер қалаларының жылусыз қалуы осы мәселенің бірден бір айғағы екенін көрсетті.
Мемлекет басшысы үкіметтің кеңейтілген отырысында еліміздегі ЖЭС-тердің орташа тозу деңгейі 66 пайызға, ал кейбір қалаларда шекті межеден асып, 80 пайызға жеткенін атап өтті. Сондай-ақ жалпы еліміз бойынша электрмен жабдықтау желілерінің үштен екісі, жылу коммуникацияларының 57 пайызы және су құбыры желілерінің жартысына жуығы тозған көрінеді. Сондықтан мемлекет басшысы желілер мен қуаттардың тозу көрсеткіштерін кезең-кезеңімен 15 пайызға азайтуға тапсырма берді.
Естеріңізге сала кетейік, бұған дейін энергетика министрлігі 37 жылу электр орталықтарының техникалық жай-күйіне талдау жүргізіп, қызыл аймаққа кіретін 19 жылу электр орталықтарын анықтағанын хабарлағанбыз. ШҚО бойынша Өскемен мен Риддердегі жылу электр орталықтары да тәуекел аймағына кіретіні белгілі болды.