Милан-2026: XXV қысқы Олимпиадаға Қазақстаннан 36 спортшы қатысады
6–22 ақпан күндері Италияның Милан және Кортина-д’Ампеццо қалаларында өтетін XXV қысқы Олимпия ойындарына Қазақстан атынан 36 спортшы қатысады. Олардың төртеуі Шығыс Қазақстан облысынан, деп хабарлайды Altainews.kz.
Төрт жылдықтың басты додасына әлемнің 93 елінен 3 500-ден астам спортшы жиналады. Қазақстан қысқы Олимпиадаға тәуелсіз ел ретінде тоғызыншы рет қатыспақ. Ұлттық құрама сапында 18 ер және 18 әйел спортшы ел намысын қорғайды. Айта кетейік, 2022 жылғы Бейжің Олимпиадасында Қазақстаннан 34 спортшы бақ сынаған болатын.
Өңірлер бойынша Олимпиадаға ең көп спортшыны Алматы қаласы мен Ақмола облысы ұсынды. Алматы қаласынан 4 спорт түрінен 6 спортшы, Ақмола облысынан 2 спорт түрінен 6 спортшы аттанады.
Шығыс Қазақстан облысы мен Шымкент қаласынан 1 спорт түрінен 4 спортшыдан қатысса, Астана қаласынан 3 спорт түрінен 4 спортшы, Алматы облысынан 2 спорт түрінен 4 спортшы өнер көрсетеді. Сондай-ақ Павлодар облысынан 3 спортшы, Қостанай облысынан 2 спортшы, ал Солтүстік Қазақстан, Қарағанды және Абай облыстарынан бір-бір спортшы Олимпиадаға жолдама алды.
Фото: ҚР Туризм және спорт министрлігі