KZ
Өскемен
-5°
небольшая облачность жел 2 м/с, С
498.34 519.72 4.85

Бүгін - Қазақстанда Жалпыұлттық аза тұту күні

Фото: altyn-orda.kz

12.06.2023, 09:07 1 918 Ләззат Қанатқызы

Бүгін - Семей орманындағы алапат өрттен қаза болғандарды аза тұту күні.

8 маусым күні Семей орман резерватынан шыққан тілсіз жаудың әлі де беті қайтар түрі жоқ. Өрт шыққаннан бастап өрт сөндірушілер мен құтқарушылар өз міндеттерін мүлтіксіз атқаруда.

Алапат өрттің ауқымына байланысты Семей қаласында төтенше жағдай жарияланған болатын.

Семей орманындағы өрт аумағы басында шамамен 20 гектарды құраса, кейін жалын өрши түсіп, Успенка, Поднебесное, Барышевка ауылдарының тұрғындары жедел түрде эвакуацияланды. 

9 маусымда Үкіметтің баспасөз қызметі Абай облысындағы орман өртін сөндірумен айналысып жатқан 14 маманмен байланыс үзіліп, оларды іздестіру шаралары жүргізіліп жатқанын хабарлады.

Санаулы сағаттан соң Семей орманындағы өртті сөндіруге жұмылдырылған 3 маманның қаза тапқаны және 11 қызметкерді іздеу жұмысы әлі жүргізіліп жатқаны туралы суық хабар жетті.

Төтенше жағдайдың ушығып, өрттің белең алуына байланысты Семейде жедел желі іске қосылды.

Абай облысындағы төтенше жағдайға байланысты Мемлекет басшысының Вьетнамға ресми сапары кейінге шегерілді.

10 маусымда түсте Семей орманындағы өрттің аумағы 60 мың гектардан асып кеткені белгілі болды. Тілсіз жаумен күрес үш бағытта жүрді.

Сол күні кешке қарай Төтенше жағдайлар министрлігі орман өртінен қайтыс болғандардың саны 14-ке жеткенін хабарлады.

Арада көп уақыт өтпей өрттен көз жұмған орманшылардың тізімі жарияланды.

Кеше ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев жұмыс сапарымен Абай облысына барып, орман алқаптарындағы өрт сөндіру жұмыстарымен танысып, шұғыл әрекет ету штабының отырысын өткізді және өрт кезінде қаза тапқан орман шаруашылығы қызметкерлерінің туыстарымен кездесті.

Мемлекет басшысы Семейде орманшылардың отбасы-жақындарымен кездесуде 12 маусым елімізде Жалпыұлттық аза тұту күні болып жарияланатынын жеткізген еді.

– Осы қайғылы жағдайға кінәлілердің бәрі заң бойынша жауапқа тартылады. Дүйсенбі күнін еліміз бойынша Жалпыұлттық аза тұту күні деп жарияладым. Біз қаза тапқан азаматтарды еске аламыз. Сабыр сақтап, бекем болыңыздар. Құқық қорғау органдары мен министрліктер тарапынан болсын, барлық сала бойынша тиісті шаралар қабылданады. Қазір кеңес өткіземін. Бұл жағдайдан міндетті түрде тиісті қорытынды шығарамыз, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Біздің Instagram парақшамызға жазылыңыз

Жаңалықтарды ең бірінші болып оқыңыз

жазылу