Шығыс өңірінде жаңажылдық шаңғы жарысы өтті
Шығыс Қазақстан облыстық спорттың қысқы түрлері бойынша жоғары спорт шеберлігі мектебі ұйытқы болған дәстүрлі Жаңа жыл шаңғы жарысы тағы бір мәрте елді бір мақсатқа жұмылдырып, мереке күндеріне айрықша ажар, жарқын леп дарытты. Білім ордасы 40 жылдан бері жалғасын тауып келе жатқан жаңажылдық шаңғы жарысын қайта жаңғыртты, деп хабарлайды Altainews.kz тілшісі.
Айтулы спорт мерекесіне қаланың кішкентай жеті жасар тұрғындарынан бастап егде тартқан аға буынға дейін бір сапта, бір мақсатта бой түзеді. Бірі алғаш рет шаңғыға тұрып, қар үстіндегі алғашқы ізін қалдырса, енді бірі талай жарыста шыңдалған тәжірибесін паш етті. Қашықтықтар да әр қатысушының мүмкіндігіне сай таңдалды. Мәселен, ең кішкентай спортсүйер қауым 500 метрлік жолды бағындырса, төзім мен қайсарлықты талап ететін 5 шақырымдық қашықтықта нағыз мықтылар сынға түсті. Бұл күні шаңғы жолында спорт шеберлері, түрлі чемпионаттардың жүлдегерлері де көрініп, жарыстың деңгейін одан әрі биіктете түсті.
Жарыстың басталуы да ерекше әсерге толы болды. Ақ сақалды, ақ шапанды Аяз ата шаңғы алаңына шығып, жаңа жылдық ақ тілегін арнап, балаларды қуанышқа бөледі. Оның жылы лебізі мен шаттыққа толы сөзі жарысқа шыққандарға рух беріп, алдағы қашықтықты сеніммен еңсеруге жігер қосты.
Бұл жарыс – бір күндік шара ғана емес, ондаған жылдар бойы үзілмей келе жатқан игі дәстүр. Ол салауатты өмір салтын насихаттап қана қоймай, жаңа жылды белсенді, сергек көңіл күймен қарсы алудың жарқын үлгісіне айналған.
Шаңғы жолында естілген балалардың күлкісі, жанкүйерлердің қолдауы, қар үстіндегі сырғанаған іздер – бәрі қосылып, жаңа жылдың алғашқы күндеріне үміт пен қуаныш сыйлады. Марқакөл ауданынан келген Абайқан Сейітқұмарұлы дәстүрлі додаға 5-6 жылдан бері үздіксіз қатысып келеді.
Қарлы далада өткен бұл жарыс тағы да бір мәрте спорт пен мерекенің үйлесімін көрсетті. Жаңа жылмен бірге келген бұл дәстүрлі шаңғы бәсекесі талай буынды біріктіріп, алдағы жылға сергектік, жеңіске деген сенім және жарқын көңіл күй сыйлағаны сөзсіз.
Фото: Евгений Щетников




