Бүгін – Конституция күні
1995 жылы 30 тамызда жалпыхалықтық референдумда Қазақстанның Негізгі Заңы қабылданды.
Сонымен қатар бүгін Қазақстан Республикасының Конституциясына 28 жыл толды.
Конституция – мемлекеттің құқықтық негізін қалыптастырушы құжат. Тәуелсіз Қазақстанның тұңғыш Конституциясы 1993 жылы 28 қаңтарда қабылданды. Құрылымы преамбуладан, 4 бөлім, 21 тарау және 131 баптан тұрды.
1993 жылғы Конституцияның негізінде еліміз парламенттік республика моделінде болса, 1995 жылы қабылданған Конститутция негізінде президенттік-парламенттік билікке көшті. Яғни, еліміздің қазіргі қолданыстағы басты Заңы референдум негізінде 1995 жылдың 30 тамызында қабылданып, 5 қыркүйекте заңды күшіне енген.
Ата Заңымыз 9 тарау мен 99 баптан тұрады. Онда еліміздің демократиялық, зайырлы, құқықтық және әлеуметтік мәртебесі, биліктің негізгі көзі – халық және мемлекеттің ең жоғары құндылығы адам, оның өмірі, бостандығы мен құқықтары екендігі көрсетілген.
Конституция күні мемлекеттік мереке ретінде демалыс күні болып жарияланған.
2022 жылғы 5 маусымда Қазақстан Республикасының Конституциясына өзгерістер мен толықтырулар енгізу бойынша республикалық референдум өтті, бұл еліміз үшін маңызды және тарихи оқиғалардың бірі болды.
Республикалық референдумға «Қазақстан Республикасының Конституциясына өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Қазақстан Республикасы Заңының жобасы шығарылды.