ШҚО-да боран күшейіп, бірқатар бағытта жол қозғалысы шектелді
Шығыста ауа райының күрт нашарлауы салдарынан жолдар жабылып, көлік қозғалысына шектеу енгізілді. Қалың қар мен ақтүтек боран, көктайғақ пен көріну қашықтығының төмендеуі жол қозғалысындағы қауіпсіздік шараларын күшейтуді талап етуде, деп хабарлайды Altainews.kz.
Бүгін, 9 желтоқсан күні сағат 17:30-дан бастап, «Облшығысжол» ЖШС ақпаратына сәйкес, «Дмитриевка – Бородулиха – Шемонаиха» бағытындағы 87–72 шақырым (Шемонаиха – Абай облысы шекарасы) аралығында автожол барлық көлік түріне жабылды.
Ал сағат 19:00-ден бастап «КАЖсервис» ЖШС ШҚОФ дерегінше, республикалық маңызы бар бірнеше бағытта жүк көліктері (прицеп және жартылай прицепі бар) жүруіне шектеу қойылды. Атап айтқанда:
«Алматы – Талдықорған – Өскемен – Шемонаиха – РФ шекарасы» автожолының 1104–1191 км (Глубокое – Шемонаиха)
«Өскемен – Риддер – РФ шекарасы» автожолының 15–105 км (Белоусовка – Риддер)
«Өскемен – Семей» автожолының 10–103 км (Герасимовка – Абай облысы шекарасы)
Сағат 21:00-ден бастап боран, қарлы жел және көрінудің төмендеуі салдарынан «Алматы – Талдықорған – Өскемен – Шемонаиха – РФ шекарасы» бағыты бойынша республикалық маңызы бар автожолдың 1013–1068 шақырым аралығы (Абай облысының шекарасы — Қасым Қайсенов кентіне бұрылыс) барлық көлік түрлері үшін толық жабылды.
Мамандар жүргізушілерге алыс сапарды кейінге қалдыруды, жолға шыққан жағдайда абай болуды ескертеді.