Абай облысы Үржар ауданындағы қанды жол апаты: алғашқы сот отырысы өтті
Абай облысы Үржар ауданындағы Бестерек ауылында болған жол апатына қатысты алғашқы сот отырысы өтті. Қайғылы оқиға 19 тамызда болған. Аула ішінде ойнап жүрген алты баланы көлік қағып, салдарынан төртеуі көз жұмды, деп хабарлайды Altainews.kz тілшісі.
Сот отырысында қара жамылған екі отбасы мүшелері оқиға болған сәтте балалардың аула ішінде ойнап жүргенін жеткізді. Жәбірленуші тарап айыпталушыға кешірім бермейтінін, қатаң жаза тағайындауды талап етті. Сонымен қатар, әр отбасыға 30 миллион теңгеден өтемақы төлеуді сұрады.
Бестеректегі жол апатынан екі бала оқиға орнында қайтыс болып, біреуі ауруханаға барар жолда көз жұмған еді. Ал 9 жасар Айзере есімді қыз бала 38 күн бойы ес-түссіз жансақтау бөлімінде өмір мен өлім арасында арпалысып жеңе алмады.
Айыпталушы көлік жүргізер алдында өзінің талма ауруы бар екенін білмегенін айтуда. Оның сөзінше, дәрігерлер оған бұл диагноз туралы толық ақпарат бермеген. Алайда, прокурордың мәліметіне сәйкес, айыпталушы 2013 жылдан бері «эпилепсия» диагнозымен есепте тұрған. Осыған қарамастан, ол көлік жүргізуді жалғастырған. Бестерек ауылының тұрғыны 20 жылдан астам уақыт бойы автобус жүргізген екен.
Сот процесі әлі жалғасуда.
Жансая Төлеуғазы