Мектеп оқушылары Алаш тарихын жан-жақты зерделеді – ШҚО
Тәуелсіздік мерекесі қарсаңында облыстық тарихи-өлкетану музейінде елдік сананы күшейтуге бағытталған маңызды іс-шара өтті. «Алаш қайраткерлерінің саяси көзқарастары: қозғалыстан партияға дейін» атты тарихи-танымдық пікірталас форматындағы бұл басқосу жас ұрпаққа ұлттық мемлекеттілік идеясының бастауын түсіндіріп, Алаш қозғалысының мәнін ашты, деп хабарлайды Altainews.kz тілшісі.
Пікірталастың кіріспе бөлімінде музей қызметкерлері Алаш қозғалысының шығу себептеріне, оның ұлттық мемлекеттілікті қалыптастырудағы рөлін ашып көрсетті. Оқушыларға 20-шы ғасыр басындағы күрделі тарихи жағдайлар, ұлт зиялыларының идеялары, «Қазақ» газетінің миссиясы туралы мазмұнды ақпарат берілді.
Музей қорындағы құнды құжаттар – Алаш қайраткерлерінің хаттары, баянхаттары мен баспасөз материалдары қатысушылардың назарын аударып, пікірталасқа терең талдау жасауға мүмкіндік берді.
Негізгі пікірсайыс бөлімі үш команда арасында өтті. Әр команда Алаш қозғалысын өзіндік қырынан ашып, нақты деректерге сүйене отырып қорғады. Бірінші команда «Алаш – ұлттық жаңғыру қозғалысы» ретінде ағартушылық, білім беру, ұлттық сана қалыптастыру мәселелерін талдады. Алаш зиялыларының қазақ жастарын оқыту, мектептер ашу, кітап бастыру ісіндегі еңбектері кеңінен айтылды. Екінші команда «Алаш – саяси партия» бағытын қорғап, 1917 жылы құрылған Алаш партиясының бағдарламасын, автономия идеясының мәнін, демократиялық реформаларды түсіндірді. Үшінші команда «Алашорда – мемлекеттік билік тәжірибесі» тақырыбын ашып, Алашорда үкіметінің құқықтық жүйе қалыптастыру, милиция құру, оқу-ағарту ісін реттеу бағытындағы нақты қадамдарын дәлелдермен көрсетті.
Командалар бір-біріне сұрақ қойып, қарсы пікір білдіріп, тарихи логикаға негізделген ойларын ұсынды. Оқушылар архив деректерін пайдаланып, дәлел мен дәйекті қатар келтірді. Модератор тарапынан қойылған күрделі сұрақтар талқылаудың мазмұнын арттыра түсті. Неліктен Алаш қозғалысы пайда болды, егер Алашорда толық жүзеге асқанда қазақ мемлекеттілігі қалай өзгерер еді, Алаш идеясы бүгінгі Қазақстанда қалай көрініс табады сияқты сұрақтар оқушыларды өз бетінше қорытынды жасауға жетеледі. Оқушылардың жауаптары тарихи деректерге сүйеніп қана қоймай, қазіргі тәуелсіздік идеясымен сабақтастыра талданды.
Қазылар алқасы командалардың дәлелдеме сапасын, тарихи білімін, ой жүйелілігін бағалай отырып, жеңімпаз команданы анықтады. Сонымен қатар барлық оқушылар мен олардың жетекші мұғалімдері мадақтамалармен, алғыс хаттармен марапатталды.
Бұл пікірталас жас буынның ел тарихына деген қызығушылығын арттырып, Алаш қозғалысының мәнін жаңаша түсіндіруге арналған игі бастама болды. Оқушылар өз ойларын еркін жеткізіп, дерекпен жұмыс істеуді меңгеріп, ұлттық құндылықтар мен тәуелсіздік идеясының байланысын терең сезінді. Мұндай тағылымды іс-шаралар өскелең ұрпақтың тарихи санасын нығайтып, ел болашағына жауапты көзқарасты қалыптастыруға үлкен үлес қосары сөзсіз.





