Өскеменде «Орыс Алтайы» автономиясын қалай құрмақ болды?
«Пугачев» бастаған топ елдің шығыс өңірін Қазақстаннан күштеп бөліп алмақ болған. Қарулы шабуыл арқылы билікті төңкермек болған топты ресейлік Казимирчук Виктор Владимирович басқарған. Казимирчуктың «Пугачев» және «Емельян» деген екі лақап аты болған. Ол ауыр қылмыстары үшін ұзақ жылға сотталып шыққан соң 1993-94 жылдары Югославия аумағында соғысқа қатысқан. Әскери шабуылды жетік меңгерген «Пугачев» РФ Мемлекеттік Дума депауттартары және ресейлік қалталы кәсіпкерлермен жақсы байланысқан. Ұлты поляк Виктор Бас барлау басқармасының подполковнигі шенінде әскери қызмет те атқарыпты. Ол Шығыс Қазақстанды елден күшпен бөліп алып, «Орыс Алтайы» автономиясын құрмақ болған. ҰҚК оның жолын кесу үшін ұзақ уақыт жасырын күрес жүргізген.
«В.Казимирчук 1990-шы жылдардың аяғында Мәскеуде өзі ұйымдастырған, бірақ әділет органдарында тіркелмеген «Русь» қоғамдық-патриоттық ұйымын басқарған. Шамамен 1997 жылы «Алтай құрылысшысы» облыстық газетінің бұрынғы бас редакторы В. Чернышовпен жолығады. 1998 жылдың жазында Казимирчук бірінші рет Шығыс Қазақстанға келеді. Казактардың радикалды қанатымен байланысқан облыстың және қаланың саяси өмірінің атақты радикалдары облыстық мәслихаттың депутаты Н. Иванов пен А. Дашковқа ол Чернышовтан екі кепілдемелік хатты алып келеді. 1999 жылдың жазында Пугачев және Чернышов бірлесе отырып Шығыс Қазақстанға келді. Ведомствоның орталық аппаратының үйлестіруімен ҰҚК ШҚО бойынша департаментінің қызметкерлері кейінірек анықтағандай, сол кезде-ақ «Русь» ұйымының көшбасшысы облысты Қазақстаннан бөліп алу жоспарын ойластырып жүрген. «Русь» ұйымы Казимирчук пен Чернышовтың Өскеменге келетін кезінде РФ Мемлекеттік Думасына, Шығыс Қазақстан облысының жұртшылығына үндеу дайындады. Үндеуде ШҚО-да қалыптасқан әлеуметтік-экономикалық және саяси жағдайлардың негативті жағын тілге тиек етеді. Сонымен қатар бұл үндеу арқылы көмек те сұрайды… Ал Шығыс Қазақстан облысының билігін қарулы күшпен басып алу туралы ойы, өзінің айтуы бойынша, Казимирчук Мәскеуге келгеннен кейін пайда болған, сол үшін топ ұйымдастырады», — делінген ҚР ҰҚК таратқан ақпаратында,
Топтың негізгі бөлігі Ресей азаматтарынан және біреуі Молдова азаматынан құралды. Олар жақтастарын Өскемен қаласынан да табады. Бүлікшілер калибрі 5,45 мм болатын 270 патрон, Ф-1 гранатасы және Калашников автоматының 4 магазині сынды қаруларды Омбы қаласынан сатып алады. Пугачев «Омское время» газеті тілшілерінің төрт жалған куәлігін жасаған. Осы куәліктердің көмегімен ұйым мүшелері Өскемендегі облыс және қала әкімшіліктерінің, құқық қорғау органдары департаменттері мен басқармалардың орналасу мекенжайларын, әскери бөлімдердің орындарын, олардың жұмыс кестесі мен қарулануы бойынша нақты ақпаратты жинап, халықтан сауалнама жүргізеді. Ал сол уақытта облыстағы жағдай шынымен де тұрақтылық ауылынан алыс болған. Ірі және орта кәсіптің, облыстағы ұйымдардың төлем бойынша қарызы өте жоғары, орыстілді халықтың көптеп көшіп жатқан. Тұрақсыздық «өртінің» шығуына тек «сіріңке» жетпей тұрған. Отты осы Пугачев бастаған топ «жағуға» дайындалған.
«Сол уақытта Пугачев тобы Өскеменге дейін жетті. Осы мезгілде көшбасшы өз командасының алдына нақты міндетті белгіледі: Шығыс Қазақстан облысының билігін қарулы күш қолдану жолымен басып алып, сол жерде «Русский Алтай» автономиясын құру. Өз мақсатына жету үшін Пугачев жан-жақты дайындалды. Топты басқаруда әскери элементтерді енгізді – баянат, бұйрық беру тәртібі, ұйым ішіндегі рөлдерді бөліп берді, өзін командир етіп тағайындап, орынбасарын штаб бастығы етіп белгіледі. Ұсталғаннан кейін ұйым штабында тінту жүргізген ҰҚК қызметкерлері төңкерістің идеологиялық және теориялық тұрғыдан дайындалуына таңғалады. Алынған заттар арасында – анархизм жөніндегі тарихи және практикалық кітаптар, «Декларационные положения ОПО «Русь», «Русский национализм и национальный вопрос в России», «Декларация Национального блока» және т.б. тақырыптағы саяси оппозициялық зерттеушілердің жұмыстары табылды. Пугачев штабының негізгі жұмысы қаланың стратегиялық объектілері, арнаулы қызмет жұмысы, қаланың және облыстың басшылары жөнінде ақпарат жинауға бағытталды. Ол үшін топ мүшелері әскери бөлімшелерде бақылау жүргізген, Қарулы Күштер және ІІМ офицерлерімен кездесу жолдарын тынымсыз қарастырады, олардың көңіл-күйлері жөнінде барлау жұмыстарын жүргізеді, қаруды сатып алу немесе ұрлап алу мүмкіншілігін іздестіреді. Абырой болғанда, әскери қызметшілердің ешқайсысы Казимирчук және оның көтерілісшілерінің ұсыныстарына қызығушылық танытпаған», — деді Комитеттің баспасөз қызметі.
Ойларын іске асыру үшін Пугачев Өскемен аумағынан тысқары жерлерден де сыбайлас табуға тырысады. Төңкеріске деген халықтың пікірін анықтау үшін «Союз офицеров» қоғамдық ұйымының және «Омское время» газетінің журналистері ретінде топ мүшелері Семей мен Аякөзге де барады. Сапар барысында ҰҚК ШҚО бойынша департаментінің ғимаратына шабуыл жасауды Риддер бекетінің атаманына ұсынады. Казимирчук жергілікті казачествоның қолдауына үлкен үміт артты. Алайда топтың теріс пиғылын Жоғары Ертіс орыс казачество қауымдастығының мүшесі Ю. Бессмертных қолдамай, жағдайды жорық атаманы С. Чулковқа айтады. Жоғары Ертіс орыс казачествосы қауымдастығының басшылары кейінірек ресми түрде «Пугачев және оның сыбайластарының казактармен ешқандай байланысы жоқтығын» мәлімдейді.
«Орыс Алтайы» туралы армандар
Казачество ұсыныстан бас тартқаннан кейін Пугачев бизнесмендер, депутаттар және қоғамдық белсенділер арасында одақтастарын ұйымдастырып, қолдау көрсеткендерге болашақта құрылатын автономиядан лауазымды қызметтер ұсынды. Казимирчук-Пугачевтің жоспары бойынша «Орыс Алтайы» автономиясы екі аумақтан «құралуы» керек еді – ҚР Шығыс Қазақстан облысы және РФ Таулы Алтай автономды республикасы. Автономия басшылығын Мемлекеттік Кеңес атқарады. Негізгі портфельдер бойынша Иванов – төраға, Казимирчук – қауіпсіздік, Атяшев – экономика салаларына жауап береді.
«Болашақ автономия басшыларының қолында ең бірінші кезекте сотталатын немесе жойылатын адамдардың тізімі болды. 28 адам терроршылардың құрбаны болу керек еді: облыстың жоғары басшылары, ШҚО және Өскемен қаласының құқық қорғау органдарының барлық басшылары, ірі бизнесмендер мен кәсіпкерлер, ұйымдасқан қылмыстық топ көшбасшылары. Пугачевтің жоспары бойынша төңкеріс түнде, құқық қорғау құрылымдарына шабуыл жасаудан басталуы керек еді.Терроршылардың есебі бойынша таңертең келген офицерлер ғимаратта тойтарыс бере бастағанда, Казимирчук тобы атысты бастайды. Әрі қарай алаңға қала тұрғындары шығады. Оларға қарай жөнсіз атыс немесе от шашуды тастау тобыр арасында жаппай тәртіпсіздікті арандатқан болар еді. Шартарапқа ақпараттық агенттіктерден хабарламаның таралуы: Өскеменде атыс-шабыс болып жатыр… Сараптамашылардың ойынша, мұндай жағдайды басуға тұрақты армияның да күші жетпей қалар еді.Бірақ Казимирчук-Пугачев штабында ең басты нәрсе ескерілмей қалған. Олар Өскеменге келгеннен бастап ҰҚК назарында жүрген. 1999 жылғы 19 қарашаның түнінде, Казимирчук жоспарлаған оқиғаның басталуына бірнеше сағат қалғанда, жергілікті уақыт бойынша 22 сағат 53 минутта топ штабының Алматы көшесіндегі 52-24-үйінде орналасқан мекенжайына Комитет қызметкерлері баса-көктеп кірді. Ұйымның жолы бола қалған жағдайда жариялауға дайындап отырған жоспарларын, басқа да құжаттарын жедел қызметкерлер тәркіледі», — деді оқиғаның жоспарын жариялаған ҰҚК.
«Орыс Алтайының» басшылығы өздерін жоғары саяси деңгейде көрсетпек болған. «Декларация» (Халыққа арналған үндеу) қабылдап, «ҚР құрамындағы өзін-өзі басқаратын автономды Орыс Алтайы аумағының мәртебесі туралы» және «Орыс Алтайы Мемлекеттік Кеңесінің №1 Жарлығының» жобалары сынды көптеген құжаттарды жариялауға дайындап қойған. Экстремистік әрекеттегі Казимирчуктың қарулы тобына айып тағу үшін барлық жиналған материал жеткілікті болған.
«ОБЛЫС ОРТАЛЫҒЫНДА БІРҚАТАР ЭКСТРЕМИСТІК ІС-ӘРЕКЕТТЕРДІ ЖҮЗЕГЕ АСЫРУДЫ ЖОСПАРЛАҒАН АДАМДАР ТОБЫН ҰҚК АНЫҚТАП, ӨЗ УАҚЫТЫНДА АУЫЗДЫҚТАДЫ. ОНЫҢ ЖЕТЕКШІСІ РЕСЕЙ АЗАМАТЫ. «РУСЬ» ҰЙЫМЫ – РЕСЕЙ ФЕДЕРАЦИЯСЫНЫҢ МЕМЛЕКЕТТІК ҚҰРЫЛЫМЫНА ЕШҚАНДАЙ ҚАТЫСЫ ЖОҚ ЖӘНЕ ТІРКЕЛМЕГЕН ҚОҒАМДЫҚ-САЯСИ БІРЛЕСТІК БОЛЫП ТАБЫЛАДЫ. БОЛҒАН ЖАЙТ ХАЛЫҚТЫҢ ЖӘНЕ МЕНІҢ ҚАТТЫ АШУЫМА ТИДІ. ШЫҒЫС ҚАЗАҚСТАН ТҰРҒЫНДАРЫНЫҢ САЯСИ ЭКСТРЕМИСТІК АРАҢДАТУШЫЛЫҚҚА ТҮСІП ҚАЛМАУЫНА ДАНАЛЫҒЫ ЖЕТЕТІНІНЕ ЖӘНЕ БӘРІМІЗГЕ ОРТАҚ ҮЙІМІЗДІҢ ТЫНЫШТЫҒЫ МЕН БЕЙБІТШІЛІГІН САҚТАЙТЫНЫНА СЕНІМДІМІН», — ДЕДІ СОЛ КЕЗДЕГІ ШЫҒЫС ҚАЗАҚСТАН ОБЛЫСЫНЫҢ ӘКІМІ В.Л. МЕТТЕ.
ХХ ғасырдың соңында ресейлік және қазақстандық арнаулы қызметтердің көмегімен «Орыс Алтайы» деген тақырып жабылғанмен, ХХІ ғасырда жағдайды қайта жаңғырту әрекеттері, ұлтаралық шиеліністі арандату және екі елді, екі халықты араздастыру пиғылын бәлеқор ресей жазушысы, ұлтшыл, РФ-да тыйым салынған «Ұлттық-большевиктер партиясының» көшбасшысы Эдуард Лимонов жалғастырады. Оның көзі Казимирчук сияқты Шығыс Қазақстанға түседі. 2001 жылы Шығыс Қазақстан облысының аумағына қарулы қақтығыс жолымен күштеп кіріп, «Екінші Ресейді» орнату мақсатымен РФ Алтай Республикасының Усть-Коксовский ауданындағы Банный селосында қарулы топты жаттықтыратын база құрады (ШҚО шекарасына жақын).
«БҰЛ ЖЕРДЕ ЖАУЫНГЕРЛІК ЖӘНЕ ТАКТИКАЛЫҚ ДАЙЫНДЫҚ САБАҚТАРЫН ҰЙЫМДАСТЫРАДЫ, ОНЫҢ ІШІНДЕ ҚР АУМАҒЫНДА ЖАУЫНГЕРЛЕРІНІҢ ТУРИСТЕР КЕЙПІНДЕГІ «БАРЛАУ ЖОРЫҒЫН» ӨТКІЗЕДІ. РЕСЕЙЛІК ЖӘНЕ ҚАЗАҚСТАНДЫҚ АРНАУЛЫ ҚЫЗМЕТТІҢ БІРЛЕСКЕН ІС-ШАРАЛАРЫНЫҢ АРҚАСЫНДА ЛИМОНОВТЫҢ ДЕСТРУКТИВТІ ОЙЫ ДЕР КЕЗІНДЕ АШЫЛЫП, ЖОЛЫ КЕСІЛДІ. ОЛ ТҰТҚЫНДАЛЫП, КЕЙІНІРЕК ҚАРУДЫ ЗАҢСЫЗ САҚТАҒАНЫ ҮШІН ЖӘНЕ ТЕРРОРИЗМ БОЙЫНША СОТТАЛДЫ. 2003 ЖЫЛЫ БОСАП ШЫҚҚАННАН КЕЙІН, ЛИМОНОВ БІРНЕШЕ РЕТ АРАНДАТУШЫЛЫҚ МӘЛІМДЕМЕЛЕР ЖАСАП ЖҮРГЕНІМЕН, НАҚТЫ ҚАДАМДАРҒА БАРМАДЫ. ОЛ 2020 ЖЫЛЫ ҚАЙТЫС БОЛҒАНША УЛЬТРАРАДИКАЛДЫ ШОВИНИСТІК ПОЗИЦИЯДА ҚАЛА БЕРДІ», — ДЕДІ КОМИТЕТТІҢ БАСПАСӨЗ ҚЫЗМЕТІ.