ШҚО-да 9 мектеп апаттық жағдайда тұр
ШҚО аумағында 647 мектеп бар. Оның ішінде: 154 қалалық және 493 ауылдық мектеп. Өңір бойынша білім беру мекемелері ғимараттарының жағдайын тексеру барысында апаттық жағдайдағы 9 және үш ауысыммен оқытуға көшу қаупі бар 2 мектеп анықталды.
Облыстық Білім саласын бақылау департаменті ұсынған ақпаратқа сүйенсек, облыстың 52 мектебінде, яғни 8 пайызында тамақтану объектілері жоқ. Өйткені ол мектептер асхана немесе буфет үшін орын қарастырылмаған ғимараттарда орналасқан.
- Қазіргі уақытта осы мәселені шешу бойынша тиісті жұмыс атқарылып жатыр. Нақты айтқанда, апатты деп танылған мектептердің орнына жаңа құрылыс басталмақ, - дейді облыстық Білім саласын бақылау департаментінің басшысы Зейнеп Әбдіжүсіпқызы. - Облыста 647 мектептің 223-і ғана, яғни 34,5 пайызы тек жылы ішкі әжетханаларды пайдаланса, 405-і (62,7%) жылы және аула әжетханаларын пайдаланады. 409 мектеп (63,3%) орталық сумен жабдықталған, ұңғымалар 207 (32%) мектепте жүргізілген, 31 (4,7%) мектепте су тасымалдау ұйымдастырылады.
79 мектепте, яғни 12,2 пайызында спорт залы жоқ, 540 білім беру ұйымдарында, (83,4%) мектеп жиһазы ескірген, жаңартуды талап етеді. 615 мектепте, яғни 95 пайызында кітапхана бар.
Балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін мектептерде дабыл түймелері мен турникеттер орнату басталыпты.
- Облыстың барлық мектебінде жаңа модификациядағы бір робототехника кабинеті бар, барлық мектептер компьютермен қамтамасыз етілген. Орташа алғанда, бір оқушыға үш компьютерден келеді. Интернет жылдамдығы барлық ауылдық мектептерде төмен (4 мб/ с төмен). 10 ауылдық мектепте интернет жоқ. 55,3 % мектепте пән кабинеттері ескірген, жаңартуды талап етеді. Ал мектептердің 18,5%-ында химия, биология, физика пәндері бойынша оқу бағдарламасының практикалық бөлігін орындауға арналған жабдық жоқ, 352 мектепте, яғни 54 пайызында ішінара (тек физика, не тек химия және биология зертханалары) бар, - дейді департамент басшысы.