Биыл барлық мектептерге жылы дәретхана орнатылады, оған 1 млрд теңге бөлінеді - ШҚО
Өткен жылы өңір мектептерінің 55 пайызында жылы дәретхана болмаған, деп хабарлайды Алтайньюс тілшісі.
Бұл туралы облыс әкімі Даниал Ахметов білім беру мәселелері жөніндегі онлайн-брифингі барысында мәлімдеді. Аймақ басшысы балалардың қауіпсіздігі туралы айта келе, мектептердің тең жартысында жылы санитарлық торап жоқ екенін сөз етті.
– Биыл барлық мектепте жылы дәретхана орнатылады. Осы мақсатта аз да емес, көп те емес – 1 миллиард теңге бөлінеді, – деді Даниал Кенжетайұлы.
Сондай-ақ осы жылы білім мекемелері бір жүйеге біріктірілген бейнебақылау камераларымен жүз пайыз қамтылмақ.
Жалпы облыс көлемінде 646 мектеп жұмыс істейді және 189 000-нан астам оқушыға 23 000 педагог білім береді. Білім ошақтарының басым бөлігі, дәлірек айтсақ, 334-і – шағын жинақталған ауылдық мектеп.