Шығыста «Салбурын» рухы қайта жаңғырады
Ертең Ұлан ауданының Бозанбай ауылында бесінші халықаралық «Шығыс Салбурыны» фестивалі бастау алады. Ұлттық салт-дәстүр мен аңшылық өнерді ұлықтайтын бұл шара бүгінде өңірдің мәдени брендіне айналып отыр, – деп хабарлайды Altainews.kz тілшісі.
Атойлы іс-шара алдында облыс әкімі Нұрымбет Сақтағанов әлеуметтік желідегі парақшасында «Шығыс Салбурыны» – жай ғана мереке емес, дала өмірінің философиясын, ұлттың болмысын паш ететін ерекше мәдени құбылыс екенін ерекше атап өтті. Аймақ басшысы барша шығысқазақстандықтар мен қонақтарды «Шығыс Салбурыны» фестиваліне қатысып, дала тынысын, дәстүрдің қуатын және Шығыс Қазақстанның ұлылығын бірге сезінуге шақырды.
Фестиваль аясында шұғылалы Шығыста бүркітшілер мен атбегілер, тазы өсірушілер мен қолөнер шеберлері, ұлттық мәдениетті дәріптеушілер және өзге елдерден келген қонақтар бас қосады.
Фестиваль барысында ұлттық спорт түрлерінен сайыстар, саятшылық пен атбегілік өнердің көріністері, сондай-ақ қолөнер шеберлерінің көрмелері ұйымдастырылады.

