ШҚО-ның Ұлан ауданында «Шығыс Салбурыны – 2025» халықаралық фестивалі өтпек
8-11 қазан аралығында Бозанбайдың баурайында бесінші, мерейтойлық «Шығыс Салбурыны» шымылдығын түріп, көпшілікке құсбегілік өнерінің ғажайып қырларын паш етпек. Бұл – халқымыздың атадан балаға жеткен асыл мұрасы, қыран құсты қастерлеу дәстүрін дәріптейтін ұлы дүбірлі жиын. Шара жайлы Ұлан ауданы әкімінің орынбасары Маделхан Піржанов Өңірлік коммуникациялар қызметіндегі брифингте мәлімдеді, деп хабарлайды Altainews.kz.
2020 жылдан бері тұрақты өткізіліп келе жатқан бұл фестиваль бүгінде мәдениет пен спортты, өнер мен салт-дәстүрді тоғыстырған үлкен алаңға айналды. Қазақ даласының саятшылық мектебін көруге жыл сайын мыңдаған көрермен келеді. Биыл 7 мыңнан 10 мыңға дейін көрермен мен туристің қатысуы күтілуде.
8 қазан күні фестиваль қатысушылары тіркеліп, мандаттық комиссияның жұмысы мен жеребе тарту рәсімдері өтеді. Ал 9 қазандағы салтанатты ашылу көрерменге ұлттық киімдер мен жабдықтардың керуенін, қыран құстардың қалықтаған қимылын сыйлайды. Арена төрінде бүркіттің айбаты, ителгінің шапшаңдығы, қаршығаның қайраты, тазының жүйріктігі жұртшылыққа ерекше әсер қалдырмақ.
11 қазанда сайыстың шешуші кезеңдері өтеді. Сонымен қатар мүшәйра бәйгесі, жеңімпаздарды марапаттау рәсімі және салтанатты гала-концертпен мереке мәресіне жетпек.
Құрметті қонақтардың қатарында ҚР Туризм және спорт министрлігінің құсбегілік бойынша мемлекеттік жаттықтырушысы Базарбек Күнтуған, ҚР Ұлттық спорт қауымдастығы мен «Құсбегілік» федерациясының вице-президенті және бас төреші Мүптекеқызы Бағдатхан, сондай-ақ әлемге танымал бүркітші, жерлесіміз Айшолпан Нұрғайып бар.
Фестиваль қонақтарға тек тартысты сайыстарды ғана емес, мазмұнды мәдени бағдарламаны да ұсынады. «Бүркіт төбе» аумағында этностильде тігілген 20-дан астам киіз үй орнатылып, шеберлік сабақтары мен халықтық салт-дәстүрлер көрсетіледі. Өңірдің аудан-қалалары ата-баба дәстүрлерін таныстырады:
• Өскемен – «Ашамайға мінгізу»
• Алтай ауданы – «Асату»
• Катонқарағай ауданы – «Бастаңғы»
• Үлкен Нарын ауданы – «Беташар»
• Тарбағатай ауданы – «Қырқынан шығару»
• Күршім ауданы – «Отқа май құю»
• Марқакөл ауданы – «Құйрық-бауыр асату»
• Глубокое ауданы – «Бесікке салу»
• Зайсан ауданы – «Тұсау кесу»
• Шемонаиха ауданы – «Ұйқы ашар»
• Самар ауданы – «Сырға салу»
• Ұлан ауданы – «Балаға ат қою»
Ұйымдастырушылардың айтуынша, «Шығыс Салбұрыны» – тек саятшылықтың сайысы емес. Ол – ұрпақтың жүрегіне елдік рух ұялатып, ұлттық сананы бекемдейтін, қазақтың қырандай қалықтаған өнерін әлемге танытатын мерейлі мереке.
Бұл думанды шара ШҚО әкімі Нұрымбет Сақтағанов пен Республикалық құсбегілер федерациясының қолдауымен өтеді.