KZ
Өскемен
+3°
ясно жел 4 м/с, В
522.19 606.42 6.47

Таза Қазақстан – ортақ міндет!

11.10.2025, 11:30 248 Айдос Мырзахметов

Бүгін Өскеменде «Таза Қазақстан» жалпыұлттық экологиялық акциясы аясында Амфитеатр алаңында ерекше игі бастама өтті. Жастардың шығармашылық ордасына айналған орында өскелең ұрпақ табиғатты түлетуге үлес қосып, шырша мен қайыңжапырақ көшеттерін отырғызды, деп хабарлайды Altainews.kz тілшісі. 

2019 жылы «Бірге – Таза Қазақстан» ұранымен бастау алған акция бүгінде аясын кеңейтіп, ел мен жерді түлетті. Игі шара тек тазалыққа үндемей, миллиондаған адамдардың бірлігіне, татулығына, мәдени өресінің еселенуіне түрткі болды. 

Шараға Шығыс Қазақстан облысының әкімі арнайы Нұрымбет Сақтағанов қатысып, ағаш екті. Аймақ басшысы бұл акцияның мәні тек табиғатты қорғауда ғана емес, адамның ішкі тазалығын қалыптастырумен де тығыз байланысты екенін атап өтті.

– Облыс көлемінде барлық аудандарда осындай игі шаралар өтіп жатыр. «Таза Қазақстан» акциясының мәні тек көшет отырғызу немесе қоқыс жинаумен шектелмейді. Өз жан дүниеңді тазартуға, жақсы адам болуға, еңбекті қадірлеуге үндейтін бастама. Өскелең ұрпақ алдында еңбектің мәртебесін көтеріп, тазалықтың жақсылығын дәріптейік, – деді Нұрымбет Аманұлы.

Көктем мен күз – табиғаттың түлеп, түрленетін қос мезгілі. Дегенмен, мамандардың айтуынша, күзде егілген ағаштың тамыры тереңге бойлап, өміршеңдігі жоғары болады.

– Экологиялық шараларға үнемі қатысып, экосананы қалыптастыруға, табиғатты аялау мәдениетін орнықтыруға өз үлесімізді қосып келеміз, – дейді Жастар ресурстық орталығының директоры Бақытжан Ербол.

Акцияға қала тұрғындары мен еріктілерден бөлек, еліміздің танымал эстрада әншілері мен блогерлер де атсалысты. «Мұзарт» тобының әншісі Кенжебек Жанәбілов табиғатты аялауға бағытталған шараның маңызын атап өтті. 

– Ел үшін жасалған кез келген бастама біз үшін ортақ парыз. Арнайы келіп, шырша егіп, Шығысқа өз қолтаңбамызды қалдырғанымызға қуаныштымыз. Бұл ағаш – біздің елге, жерге деген сүйіспеншілігіміздің белгісі. «Таза Қазақстан» – бұл тек экологиялық ұран емес, мәдениеттің көрінісі. Осындай шаралар әрдайым жалғасын тапсын, – деді өнер иесі.

Еліміздің ерен жетістіктерін «Алға Қазақстан» ақпарат көзінде ұлықтап жүрген блогер Иван Червинский Шығыс Қазақстанның болашағына зор сенім білдіреді. 

– Расын айтуым керек, Шығыс Қазақстанға, оның ішінде Өскемен қаласына келген сайын қонақжай бола түсетіндей. Бұл орта әлемдік туристердің тартылыс орнына айналып келеді. Жастардың да бүгінгі шаралармен экологиялық мәдениеті арта түседі. Тек оларды жетелеп, жол көрсете білсе, жастар өздері арқалап кететініне сенімдімін, – деді блогер.

Табиғатты аялау — әр азаматтың парызы. «Таза Қазақстан» акциясы соның жарқын дәлелі. Көшет отырғызған әр жасыл желек — бүгінгі игі істің, ертеңгі таза болашақтың кепілі.


Айдос Мырзахметов 

Фото/видео: Руслан Акматалиев 

Біздің Instagram парақшамызға жазылыңыз

Жаңалықтарды ең бірінші болып оқыңыз

жазылу