KZ
Өскемен
-7°
облачно с прояснениями жел 7 м/с, ОШ
516.93 542.52 4.98

Тұтас халықты ұйыстырған берекелі бастама

10.12.2024, 14:15 12 Гульжан Мусина

Бүгінде Мемлекет басшысының бастамасымен «Таза Қазақстан» жалпыұлттық науқаны өтіп жатыр. Қазақстан Республикасы Президенті ел азаматтарын экология мәселесіне ерекше мән беріп, қоршаған ортаны қорғауда белсенділік танытуға шақырады. Мемлекет басшысы атап өткендей, экологиялық тәртіп әр адамның өзінен басталуы тиіс. Елдегі табиғатты қорғау мен экологиялық мәдениетті арттыру бағытында «Таза Қазақстан» республикалық акциясының маңызы зор. Бұл шара тек қоқысты жинау емес, еліміздің экологиялық болашағына деген жауапкершіліктің белгісі. «Таза Қазақстан – тұтас халықты ұйыстырған берекелі бастама». Мемлекет басшысы Жолдауда осылай деді. Елімізде көктемнен бері жалпыұлттық экологиялық акция жүріп жатыр. Оған Қазақстанның түкпір-түкпірінен миллиондаған адам атсалысты. Әлі де жалғаса береді, - деп хабарлайды Altainews.kz тілшісі. 

- Шын мәнінде, елімізді көгалдандыру, абаттандыру – үлкен мемлекеттік маңызы бар іс. Бұл бүгін шығып, ертең ұмытып кететін бір реттік науқан емес. Аталған жұмыс тұрақты түрде жүргізіледі. Туған жерімізді таза ұстауымыз керек. Бұл – жалпыұлттық мәселе. Қазақстанымыз таза болуы қажет. Лас елге қонақ ретінде, инвестор ретінде ешкім келмейді. Бірақ, ең алдымен, Қазақстанның таза, көрікті болғаны біз үшін, яғни халық үшін керек. Бұл күнделікті өмір салтына айналуы қажет. Сондай-ақ бұл жұмыс елорда және ірі қалаларда ғана емес, шағын қалаларда, аудандар мен ауылдарда да ұдайы ұйымдастырылады. Бүкіл Қазақстанды таза ұстау өзімізге, жастарға байланысты. Мен жастарға сенемін. Сондықтан жастарға зор үмітпен қараймын, – деді Мемлекет басшысы.

Президент заң мен тәртіп үстемдігі бәріне қатысты екенін айтып, вандализммен батыл түрде күресу қажет екеніне назар аударды.

- Біз өз елімізді мақтан тұтуға тиіспіз. Мейлі ол көше, аула немесе үйлердің кіреберісі болсын, бәріне ұқыпты қарауымыз қажет. Вандалдармен табанды түрде күресу керек. Сондай-ақ олардың заң жүзінде қатаң жазаланатынын айттым. Әр нәрсенің шегі бар. Әйтпесе, бәрін бүлдіріп алып, кейіннен кешірім сұрайды. Елімізде тәртіп болуы керек. Заңды сақтау қажет, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Аталған акцияның аясында ел бойынша айтарлықтай жұмыстар атқарылып келеді. Мысалы, Күршім ауданы «Таза өлке» апталығында аудан тұрғындары мен мекеме ұжымдары үйлерінің айналасын тазалап, 80 тонна қоқыс шығарды. Ал «Киелі мекен» апталығында ескерткіштер мен тарихи-мәдени нысандар қалыпқа келтіріліп, тазарту жұмыстарына 1500-ден астам адам қатысты.

Экологияны жақсарту бағытындағы маңызды қадамдардың бірі – жасыл желек отырғызу. «Жасыл аймақ» апталығы шеңберінде 4500 көшет отырғызылды, оның ішінде көктерек, шырша, қара ағаш, алма ағашы мен терек түрлері бар. Бұл тек қазіргі ұрпаққа ғана емес, болашақ ұрпаққа да арналған игі іс.

Президент атап өткендей, экологиялық мәселелерді шешу – әр азаматтың жауапкершілігі. Тек мемлекеттік деңгейде емес, жеке адамдардың да үлес қосуы қажет. Бұл – біздің ортақ үйіміз – Қазақстанның экологиялық ахуалын жақсартуға жасалған қадам. Акция аясында су көздерін, өзендер мен көлдердің жағалауларын тазалау жұмыстары да жүргізілді. Мәселен, «Мөлдір бұлақ» апталығында «Күршім» және «Ертіс» өзендерінің жағалауларын тазартуға 800 адам мен 17 техника жұмылдырылды.

Бұл жұмыстардың нәтижесі тек тазалық деңгейінің жақсаруымен шектелмейді. Экологияны сақтау мәдениетін қалыптастыру, ұрпақтар арасындағы байланысты нығайту, сонымен бірге қоғамның жауапкершілігін арттыру – «Таза Қазақстан» акциясының басты мақсаттарының бірі.

Мемлекет басшысы атап өткендей, экологияны жақсарту бағытындағы әрбір іс-шара тек мемлекеттік органдардың ғана міндеті емес, бұл – әр азаматтың борышы. Табиғатты қорғау – өз болашағымызды қорғау. «Таза Қазақстан» акциясының жалғасын табуы – еліміздің жарқын болашағы үшін маңызды қадам.

 

Біздің Instagram парақшамызға жазылыңыз

Жаңалықтарды ең бірінші болып оқыңыз

жазылу