«Таза Қазақстан»: Өскеменде жас оқырмандар көшет отырғызды
«Таза Қазақстан» экологиялық акциясы аясында ел көлемінде жарияланған жасыл аймақ апталығы Шығыс Қазақстанда да белсенді өтіп жатыр. Игі бастамаға облыстық балалар және жасөспірімдер кітапханасының ұжымы мен жас оқырмандары ерекше ықыласпен үн қосты, деп хабарлайды Altainews.kz тілшісі.
Бүгінде елімізде қолға алынған «Жаңа Қазақстан» тұжырымдамасы аясында экологиялық мәдениетті арттыруға бағытталған түрлі жобалар жүзеге асырылып келеді. Солардың бірі – табиғатты аялауға, қоршаған ортаны таза ұстауға және жас ұрпақтың экологиялық сана-сезімін дамытуға арналған «Таза Қазақстан» республикалық акциясы.
Апталық барысында облыстық кітапхана қабырғасында табиғатты қорғауға арналған кітап көрмесі мен танымдық ойындар ұйымдастырылды. «Жер Ана – мәңгілік мекен» атты ойын аясында балаларға экология туралы қызықты мәліметтер ұсынылып, табиғатқа деген сүйіспеншілікті қалыптастыру мақсатында түрлі интерактивті шаралар өтті.
Апталықтың басты оқиғаларының бірі – кітапхана ауласында өткен көшет отырғызу рәсімі болды. Іс-шара аясында 30-ға жуық жас көшет отырғызылып, өскелең ұрпақтың табиғатты аялауға деген нақты қадамы байқалды.
Экологиялық мәдениетті насихаттауға бағытталған мұндай шаралар – қоршаған ортамен үйлесімді өмір сүрудің жарқын үлгісі. Жасыл аймақ апталығына мектеп жасындағы балалардан бастап, ересек тұрғындар да белсене қатысып, туған өлкені көгалдандыруға өз үлесін қосты.