Бүркіт пен қаршыға – даланың рухы: «Шығыс Салбурыны – 2025» мәресіне жетті
Үш күнге созылған «Шығыс Салбурыны – 2025» фестивалінде еліміздің әр өңірінен және шетелден келген бүркітшілер баптаған қырандарының шеберлігін сынға салды. Бірі түлкіге салса, енді бірі қолындағы ителгі мен сұңқарын қоянға томаға сыпырып қосты. Дала төсін қанатымен қақ жарып ұшқан 107 қыран көрерменнің делебесін қоздырды. Бүгін ең жүйріктері мен мықты баптаушылар ақтық мәреде үздігін анықтады, деп хабарлайды Altainews.kz тілшісі.
Дәстүрлі құсбегілік өнерін дәріптеген жарыстарда бүркіт, ителгі және қаршыға баптаушылары өз қырандарын сынға салды. Әсем табиғат аясында өткен бұл додада әрбір құс иесінің шеберлігі, баптау мәдениеті мен аңшылық дәстүрге деген құрметі айқын көрінді.
Тарихы тереңде жатқан бұл дода жыл сайын қансонардың көркіне айналып, қазақтың аңшылық өнерін, қыран құс пен жүйрік аттың қадірін дәріптейтін ұлттық сипаттағы мерейлі мереке деңгейіне жетті.
Фестиваль Шығыс Қазақстан облысы әкімдігінің және Қазақстан Республикасының Мәдениет және спорт министрлігінің қолдауымен өтті. Ұлттық спортты дамыту мен дәстүрлі өнерді насихаттау мақсатында ұйымдастырылған шараның жүлде қоры да қомақты:
🥇 1-орын иегерлеріне – 500 мың теңге,
🥈 2-орын иегерлеріне – 300 мың теңге,
🥉 3-орын иегерлеріне – 200 мың теңге.
Бүркіт жарысы бойынша жеңімпаздар:
🥇 1-орын – Байтбай Өмірхан (Алматы қаласы)
🥈 2-орын – Бабажан Берікболсын (Жамбыл облысы)
🥉 3-орын – Кенжебек Байдолаұлы (Моңғолия)
🥉 3-орын – Сәлімхан Ерғазыұлы (Жетісу облысы)
Ителгі жарысының үздіктері:
🥇 1-орын – Кенжетаев Ерлан (Ақмола облысы)
🥈 2-орын – Иманзайып Ермек (Павлодар облысы)
🥉 3-орын – Далайханұлы Алпамыс (Моңғолия)
🥉 3-орын – Есентаев Сұлтансері (Алматы қаласы)
Қаршыға баптаушылар арасындағы сайыс нәтижесі:
🥇 1-орын – Байтбай Өмірхан (Алматы қаласы)
🥈 2-орын – Бабажан Берікболсын (Алматы қаласы)
🥉 3-орын – Даниярқызы Аяжан (Алматы қаласы)
🥉 3-орын – Сейтжан Бексұлтан (Алматы қаласы)
Жарыс қорытындысы бойынша Алматы облысынан ат терлетіп келген Өмірхан Байтбай екі бірдей номинацияда – бүркіт және қаршыға баптау жарыстарында жеңімпаз атанып, көпшілік ықыласына бөленді.
Ителгі жарысында екінші орын иеленген Кереку өңірінің өкілі өз әсерімен бөлісті.
Ителгі жарысының жеңімпазы Ерлан Кенжетаев байқаудың ұйымдастырылуы мен деңгейіне өз бағасын берді.
Фестиваль соңында жеңімпаздарға дипломдар мен ақшалай сыйлықтар табысталып, келер жылы да Шығыс төрінде қырандардың қанатын қайта қаққан дәстүр жалғасатыны айтылды.
Жайна Сыранова
Қуаныш Рахметоллаұлы
Махаббат Ахметжанова
Жалғас Сақадиев















