"Шығыс салбурыны": Көк тағыларының көркем сайысы
Қыран бүркіт, ұшқыр тазы ерткен аңшылар мен құсбегілер шығыста бас қосты. Өйткені бүгін ШҚО-да «Шығыс салбурыны-2024» халықаралық фестивалі басталды.
Фестиваль аясында 67 бүркіт, 22 ителгі, 13 қаршыға сайысқа түсуде, деп хабарлайды Altaynews.kz.
Түз тағысының тілін тапқан құсбегілер Ұлан ауданы Бозанбай ауылының іргесіндегі Бүркіттөбеде қыранының бабын, тазысының бағын сынға салатынын бұған дейін де хабарлаған едік.
Салтанатты ашылу рәсіміне Мажарстан, Моңғолия, Қытай, Ресей және Қазақстанның түкпір-түкпірінен жиналған құсбегілер қатысуда. Фестиваль бүркіт, ителгі, қаршығаны қолға шақырудан басталды.
Бүгін құсбегілер іріктеу кезеңінде және жартылай финалда қырандарын сайысқа түсіреді. Ал финалдық кезең мен асау үйрету, тазы жүгірту сайыстары ертең, яғни 12 қазанда өткізіледі.
Фестиваль өтіп жатқан Бүркіттөбе басына құсбегілер мен көрермендер үшін 20-дан астам киіз үй тігілген.
Ажар Мұратқызы