Риддерлік құсбегі ШҚО-ның намысын абыроймен қорғады
Құзар шыңына қыран қонақтаған Алтайдан саятшылық өнер үзілген емес.
Дәстүрлі үрдістің үзілмегенін риддерлік бүркітші Ерсұлтан Жұмағұл дәлелдеп, «Шығыс салбурыны-2023» халықаралық фестивалінде 4-ші орынды қанжығалап, облыстың намысын қорғап қалды, деп хабарлайды Altaynews.kz тілшісі.
Ұлан ауданының Бозанбай ауылында өткен бүркітшілердің халықаралық фестивалінде «Риддер қаласы» деген жазулы шапан киген құсбегіні көріп таңданып қалдық. Бұл өлкеде де құсбегілік үзілмепті-ау деп риза болдық. Иә, қазақтың бұл таулы аймағының аспанында қыран саңқылдап, тауында құсбегі жортуы заңдылық.
Бастапқы да бұл аймақтан қыран мен құсбегінің келгенінің өзі бізге рухани жеңіс сыйлағандай болды. Осыдан кейін риддерлік бүркітші салбурында 4-ші орын алып, қуанышымызды еселей түсті. Бұл ШҚО-дан қатысқан қырандардың арасында жүлделі болған жалғыз бүркіт болды. Міне, осылай Риддер қаласының тұрғындары ұлттық өнерді ұлықтап, дамытып жатқандығын дәлелдеді.
Айта кетейік, «Шығыс салбурыны-2023» фестивалінде 70-тен астам бүркіт, 30-дан астам қаршыға мен ителгі, 30-дан астам тазы сайысқа түсті.