KZ
Өскемен
-7°
небольшая облачность Штиль
522.19 606.42 6.47

Министр Арман Шаққалиев: «Тұрақтандыру қорлары тұрақты толығып отыруы тиіс»

18.10.2025, 13:48 336 Айна Бакимбаева

Шығыс Қазақстан облысына жұмыс сапары барысында Сауда және интеграция министрі Арман Шаққалиев өңірдегі бағаны тұрақтандыру шараларымен танысты. Министр Катонқарағай ауданының ауыл шаруашылығы жәрмеңкесінде болып, облыс орталығындағы «Ертіс» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясының тұрақтандыру қорының қоймаларын аралап көрді және «Алтай» көтерме-тарату сауда орталығының жұмысымен танысты, деп хабарлайды Altainews.kz тілшісі.

Сауда және интеграция министрінің айтуынша, биыл Шығыс Қазақстанда ғана 425-тен астам ауыл шаруашылығы жәрмеңкесі өткізіліп, жалпы құны 1,2 миллиард теңгеден асатын өнім сатылған. Осындай жәрмеңкелер мен «Береке Fest» сияқты акциялар тұтынушылар үшін қолжетімді бағаны қалыптастыруға сеп болуда.

– Қазір біз кезекті демалыс күнгі жәрмеңкені араладық. Бүгін жалпы көлемі төрт мың тоннадан астам өнім ұсынылып отыр. Мұндай жәрмеңкелер бағаның негізсіз өсуіне жол бермей, нарықтағы тепе-теңдікті сақтауға мүмкіндік береді. Тек Шығыс Қазақстан облысының өзінде жыл басынан бері 425-ке жуық жәрмеңке өтіп, 1,2 миллиард теңгеден астам сомаға ауыл шаруашылығы өнімдері сатылған. Бұл – жақсы көрсеткіш, – деді Арман Шаққалиев.

Министр тұрақтандыру қорларының негізгі міндеті — маусымаралық кезеңдерде нарықты қажетті өніммен үздіксіз қамтамасыз ету екенін атап өтті.

— Тұрақтандыру қорлары үнемі толықтырылып отыруы керек. Бұл — ішкі нарықтағы бағаның күрт өсуіне жол бермейтін басты тетік. Біз биыл ауыл шаруашылығы тауар өндірушілерін қаржыландыру көлемін екі есеге арттыруды тапсырдық. Бұл қорлардың мүмкіндігін кеңейтіп, нарыққа уақтылы интервенция жасауға мүмкіндік береді, — деді Арман Абайұлы.

Министр «Алтай» көтерме-тарату сауда орталығының жұмысымен де танысты. Мұнда әр ауданның өндірушілеріне арнайы павильондар бөлінген. Мұндай формат — делдалсыз сауданы қамтамасыз етіп, өнімнің бағасын төмен деңгейде ұстауға мүмкіндік береді.

– Мұндай орталықтар өндірушілерге өз өнімін тікелей сату мүмкіндігін береді. Бұл бағаны шамамен 10–15 пайызға төмендетіп, тұтынушы үшін қолжетімді бағаны сақтауға әрі сапалы өнімді шаруаның өзінен тікелей алуға жағдай жасайды. Нарықта өнімнің үздіксіз ұсынысы мен әділ бәсеке болуы қажет, — деп нақтылады министр.

Қазан айының басынан бері әлеуметтік маңызы бар тауарлар бағасының индексі республика бойынша «нөлдік» деңгейде тіркелген, яғни динамика тұрақталды. Министр бұл көрсеткішті аталған шаралардың, тұрақтандыру қорларының жұмысының және делдалдарды қысқартуға бағытталған бақылаудың нәтижесі ретінде бағалады.

– Ең бастысы — нарықта тапшылық болмауы керек. Сондықтан тұрақтандыру қорлары мен жергілікті әкімдіктер нарықты бақылауда ұстап, бағаның тұрақтылығын қамтамасыз етуге міндетті, — деді Арман Шаққалиев.

Министр өз сөзінде Президенттің бағаны тұрақтандыруға берген тапсырмалары әр елді мекенде орындалуы қажеттілігін баса айтты.

– Президент тапсырмасы нарықтағы тұрақтылықты қамтамасыз етуге, тұтынушыларға қолжетімді баға ұсынуға және фермерлерге қолдау көрсетуді күшейтуге бағытталған. Министрлік апта сайын арнайы комиссия отырыстарын өткізіп, өнімсіз делдалдар мен бағаны негізсіз көтеретіндерге қарсы шаралар қабылдап келеді. Әлеуметтік маңызы бар азық-түлік бағасын тұрақтандыру — Президент тапсырмаларының басты бағыттарының бірі. Сондықтан бұл жұмыс әрі қарай да жүйелі түрде жалғасады, – деді министр.



Айна Бакимбаева 

Фото: Данияр Сағидолдин

Видео: Евгений Щетников 


Біздің Instagram парақшамызға жазылыңыз

Жаңалықтарды ең бірінші болып оқыңыз

жазылу