Шығыс Қазақстанда жаңа дене шынықтыру-сауықтыру кешені ашылды
Шығыс Қазақстан облысының Ұлан ауданындағы Таврия ауылында заманауи дене шынықтыру-сауықтыру кешенінің құрылысы аяқталып, есігін айқара ашты. Сақалды құрылыстың бітуін сарғая күткен тұрғындар үшін бұл қуанышты оқиға. Ал жастар, әсіресе, мектеп оқушылары мен кәсіби спортшыларға – жаңа мүмкіндіктер алаңы, деп хабарлайды Altainews.kz тілшісі.
Таврия ауылында бой көтерген жаңа дене шынықтыру-сауықтыру кешенінің құрылысы бес жыл бұрын басталған еді. Жобаның аяқталуына түрлі ұйымдастырушылық және техникалық кедергілер себеп болса да, өңір басшысының қолдауымен жұмыс барысындағы барлық сұрақтар шешімін тапты. Спорт инфрақұрылымын дамыту бағдарламасының арқасында құрылыс жұмысы былтыр толық аяқталды.
Жалпы ауданы 1280 шаршы метрден асатын екі қабатты кешенде спорттық және жаттығу залдары, киім ауыстыратын бөлмелер, душ, медицина пункті, жаттықтырушыларға арналған кабинеттер мен инвентарь сақтайтын қоймалар бар. Күрес және бокс залдары заманауи жабдықтармен қамтамасыз етілген. Сондай-ақ, ғимаратта жылыту, бейнебақылау және өртке қарсы автоматты дабыл жүйелері орнатылып, келушілердің қауіпсіздігі мен жайлылығы толық қамтамасыз етілген.
Нысанның жобалық қуаттылығы – 47 адам. Мұнда түрлі спорт түрлері бойынша жарыстар мен дене шынықтыру-сауықтыру іс-шараларын өткізуге барлық жағдай жасалған.
Шығыс Қазақстан облысының әкімі Нұрымбет Сақтағанов аймақтағы спорт саласын дамыту – өңірдің стратегиялық басым бағыттарының бірі екенін атап өтті.
Жаңа спорттық кешеннің ашылуы ауыл жастары үшін үлкен қуаныш болды. Енді олар спортпен айналысу үшін қалаға бармай-ақ, өз ауылында дайындалып, түрлі деңгейдегі жарыстарға қатыса алады. Бұл – болашақ чемпиондардың алғашқы қадамын бастайтын орда болмақ.
Қазіргі таңда Шығыс Қазақстан облысында тұрғындардың жартысына жуығы тұрақты түрде спортпен шұғылданады. Өңірде бұқаралық спортты дамыту бағытындағы жүйелі жұмыстар жалғасуда.
Жыл соңына дейін бірнеше ауылдық елді мекенде жаңа спорт нысандарының құрылысы аяқталып, өңір тұрғындарының дене шынықтырумен айналысуына мүмкіндік кеңеймек.
Дамир Омаров
Фото: Данияр Сагидолдин








