KZ
Өскемен
-8°
переменная облачность жел 3 м/с, ОШ
509.94 593.88 6.43

Өскеменде Республика күніне орай Мемлекеттік ту көтерілді

25.10.2025, 13:00 707 Базарова Айгүл

Өр Алтайдың төріндегі Тәуелсіздік монументі алаңында Республика күніне арналған Мемлекеттік туды көтеру салтанаты өтті. Бұл күн – ел еркіндігі мен тәуелсіздіктің биік рухын айқындаған ерекше сәт болды. Шараға қала тұрғындары, мемлекеттік қызметшілер мен белсенді жастар қатысты, деп хабарлайды Altainews.kz.

Мерекелік салтанатты шара Әнұранмен ашылды. 5518 әскери бөлім оркестрінің үні мен хордың дауысы астасқанда, көк аспанда қалықтаған Мемлекеттік ту жанарға емес, әр жүректің түбіне терең бойлай әсер етті. Көк байрақ желбіреген сәтте жұртшылық орнынан тік тұрып, ашық аспан астындағы бірліктің, бейбіт өмірдің қадірін сезінді десек, артық емес.

25 қазан – ел тарихындағы ұлы белес. Дәл осы күні 1990 жылы Мемлекеттік егемендік туралы декларация қабылданып, Қазақстан өз дербес жолын таңдады.

Жиналғандарды Шығыс Қазақстан облысының әкімі Нұрымбет Сақтағанов құттықтап, бұл мейрам ең бірінші тарихқа тағзым екенін ерекше атап өтті.

– Құрметті жерлестер! Бүгін, еліміз үшін аса маңызды мереке – Республика күнінде тәуелсіздігіміздің басты нышаны – Мемлекеттік туымыздың астында жиналып отырмыз. Бұл сәт – халқымыздың тарихына тағзым, егемен еліміздің еркін жолын айқындаған тұлғаларға деген шынайы құрметтің белгісі. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев айтқандай, дәл осы күні Тәуелсіздік Туы желбіреді, тарихи әділдік орнады, ұлттық рухымыз бекіді. Сондықтан бұл күн – халқымыздың дербес жолына бастау болған қасиетті мереке, – деді аймақ басшысы.

Салтанат барысында жас мемлекеттік қызметшілер ант қабылдап, Ата заң мен халқына адал қызмет етуге серт берді. 

Қатысушылар Мемлекеттік тудың көтерілуін – ел бірлігі мен тұрақтылығының символы, ұлт рухының биік тұғыры деп бағалады. Көк байрақ астында Тәуелсіздіктің іргесін қалаған аға ұрпақ пен жаңа дәуірдің жас буынының рухы тоғысты.

Мемлекеттік ту – халқымыздың арман-мұратын бейнелейтін қасиетті рәміз. Оның көгілдір түсі – бейбіт аспан мен татулықтың белгісі. Ал алтын күн – өмір мен жылылықтың, береке мен бақтың нышаны. Ал аспанда қанатын кеңге жайған қыран – еркіндіктің, ерліктің, елдің биік мұраты мен болашаққа ұмтылысының бейнесі.

Айта кетейік, бүгін облыс бойынша Республика күніне арналған концерттер мен патриоттық акциялар жалғасуда.


Дамир Омаров

Фото: Жібек Нұрахмет 

Видео: Евгений Щетников 

Біздің Instagram парақшамызға жазылыңыз

Жаңалықтарды ең бірінші болып оқыңыз

жазылу