ШҚО-да бас имам мешітте вакцинация бөлмесін ашуды ұсынды
Шығыс Қазақстан облысының Бас мемлекеттік санитариялық дәрігері Қанат Турдиев облыстық «Халифа Алтай» мешітінің бас имамымен кездесіп, санитарлық-эпидемиологиялық қызмет пен мешіт өкілдері өзара түсіністік пен ынтымақтастық туралы Меморандумға қол қойды.
Қанат Турдиев облыстағы коронавирус инфекциясы бойынша эпидемиологиялық ахуал туралы қысқаша айтып, бүгінде 100 мың тұрғынға шаққанда сырқаттанушылық көрсеткіші – 1713,2-ні құрағанын атап өтті.
- Тараптар санитарлық талаптарды, коронавирустық инфекция бойынша эпидемиологиялық жағдайды, халықты вакцинациялау туралы түсіндіру жұмыстарына тиімді өзара іс-қимыл және күш-жігерді біріктіру туралы уағдаласты, - деп хабарлайды ШҚО Санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің баспасөз қызметі.
Сонымен қатар, бас имам мешітте халыққа коронавирус инфекциясына қарсы екпе салу үшін арнайы вакцинация бөлмесін ашуды ұсынды. Қажы Рамазан айында ауыз бекітетін мұсылман қауымына вакцина оразаны бұзбайтынын айтты. Сондай-ақ, дәрумендер мен қоректік қасиеті бар инъекцияларды қоспағанда емдеу мақсатында қолданылатын инъекцияларға рұқсат етілген.
- Меморандум КВИ профилактикасын жетілдіру бойынша үздік нәтижелерге қол жеткізу және күшейту үшін мешіттің мүмкіндіктері мен ресурстарын барынша пайдалануға бағытталған. Сондай-ақ, халықты вакцинациялау бойынша қойылған мақсаттар мен міндеттерге қол жеткізу мақсатында коммуникацияны жақсарту үшін бірлесіп жұмыс істеуіміз керек, - деді Қанат Турдиев.
ШҚО Санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаменті барлық шектеу шараларын, бұқаралық іс-шараларды, соның ішінде үйде өткізуге тыйым салуды ұсынады, сондай-ақ ауызашарды тек бір отбасы мүшелерінің шағын ортасында өткізуге рұқсат етілетінін еске салады.
Айта кетейік, Шығыс Қазақстан облысының «Халифа Алтай» мешітінің бас имамы Ермек Қажы Мұқатай коронавирустық инфекцияға қарсы вакцина алған еді.