Су, жылу және Үкіметтің бақылауы: ШҚО-да негізгі инфрақұрылымдық жобалар қалай жүзеге асырылуда
Премьер-Министрдің тапсырмасына сәйкес Шығыс Қазақстан облысына жұмыс сапарымен Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің кеңесшісі Ермек Маржықпаев пен ҚР Үкіметі Аппаратының өңірлік инспекторы Мақсұт Әбдиев келді. Үкімет өкілдері өңірдегі инфрақұрылым нысандарының жай-күйімен танысып, жүзеге асырылып жатқан жобалардың орындалу барысын бағалады, деп хабарлайды Altainews.kz.
Ұлан ауданына қарасты Отрадное ауылындағы сумен жабдықтау және су бұру нысандарында, сондай-ақ Өскемен қаласындағы Пограничная – Тоғас көшелерінің бойындағы КНС-17-ден шығатын қысымды коллектор учаскелерінде, Комсомольский (Лесхоз) кентіндегі су құбыры желілерін қайта жаңғырту жұмыстарының барысымен, Согра жылу электр орталығының қазіргі жағдайымен танысты.
Бүгінде Шығыс Қазақстан облысында қала және ауыл тұрғындары 100 пайыз орталықтандырылған ауыз сумен жабдықталған. Су бұру жүйесімен қамту деңгейі қалаларда – 80,6%, ауылдық елді мекендерде – 30,9% құрайды. Жылумен қамту көрсеткіші 88,5%-ға жетсе, табиғи газбен газдандыру деңгейі 3–4% шамасында сақталып отыр.
Инфрақұрылымдық жобаларды кешенді түрде жүзеге асыру коммуналдық жүйелердің сенімділігін арттыруға, халықтың өмір сүру сапасын жақсартуға және Шығыс Қазақстан облысының тұрақты дамуын қамтамасыз етуге бағытталған.




