Өскеменде есірткі сатуды насихаттайтын жасырын жазбалар жойылды
Өскемен қаласында есірткі құралдарының заңсыз айналымына қарсы бағытталған алдын алу акциясы өтті. Іс-шараға Шығыс Қазақстан облысы Полиция департаментінің қызметкерлері, «AMANAT» партиясы жанындағы «Жастар Рухы» жастар қанатының белсенділері және қоғам өкілдері қатысты, деп хабарлайды Altainews.kz.
Акция барысында қаладағы қауіп деңгейі жоғары аумақтар анықталып, есірткі заттарын заңсыз өткізуге бағытталған жазбалар мен белгілер толықтай жойылды. Бұл – жастарды қылмысқа тартуға бағытталған жасырын жарнаманың алдын алуға жасалған нақты қадам.
Сонымен қатар, акция қатысушылары қала тұрғындары мен жастарға түсіндіру жұмыстарын жүргізіп, мұндай жазбаларды орналастыру мен тарату ауыр қылмыс саналатынын ескертті. Заңсыз белгілер арқылы есірткі саудасына жол ашу – қоғам қауіпсіздігіне тікелей қатер екені баса айтылды.
Осы ретте Полиция департаменті белсенді азаматтық ұстанымның маңызы ерекше екенін атап өтіп, тұрғындардан күмәнді жазбалар мен әрекеттер туралы уақтылы хабар беруді сұрайды. Әрбір жойылған жазба – бір адамның тағдыры, бір жас өмірдің саулығы.


