Марихуананы кәмпиттің қорабына жасырған – Өскемен
Қаңтар айының соңында Өскемен қаласы Полиция басқармасының Ертіс ПБ-нің «102» жедел арнасына қала тұрғындарының бірі есірткі заттарын тұтынып, сақтаумен айналысатыны туралы ақпарат келіп түсті.
- Үйдің ауласын тексеру барысында полиция қызметкерлері 36 жастағы ер адамды ұстады, оның «Honda» маркалы автокөлігін тінту кезінде бардачогында спецификалық иісі бар, қоңыр-жасыл түсті, өсімдік тектес 2 полимер түйіншегі табылып алынды, - деді ШҚО ПД бастығы Сағат Мәдиев.
Сонымен қатар полиция қызметкерлері күдіктінің пәтерінен кәмпит қорабынан спецификалық иісі бар, қоңыр-жасыл түсті өсімдік тектес затты тапты.
Маманның қорытындысына сәйкес, автокөлік пен пәтерден алынған салмағы 182,25 грамды құрайтын зат «кептірілген марихуана» есірткі заты болып шықты.
Аталған факті бойынша ҚР ҚК-нің 296-бабы 3-бөлігі бойынша сотқа дейінгі тергеу жүргізілуде.